21 Қыркүйек 2015, 11:52
ҚР Конституциясы, 76-бап
1. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырыла- ды және өзiне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етудi мақсат етiп қояды.
2. Сот билiгi Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады.
3. Соттар шешiмдерiнiң, үкiмдерi мен өзге де қаулыларының Республи- каның бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады.
1. Сот билігін Қазақстан Республикасы атынан жүзеге асыру сот төрелігі судьялардың құқық қолдану қызметі арқылы, мемлекет берген өкілеттік шегінде іске асырылуына байланысты болады. Сот төрелігін мемлекет атынан жүзеге асыруға Конституция мен заңға ғана бағынып, қылмыстық, азаматтық және өзге де істерді қолданылып жүрген құқық нормаларына дәл және толық сәйкестікте адал әрі бейтарап жүзеге асыруға бағытталған судьялардың жарияланған тұрақтылығы мен тәуелсіздігі кепілдік болады.
Сот қызметінің түпкілікті нәтижесі сотқа жүгінген құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау болып табылатындықтан сот төрелігі түпкі мұрат болып табылмайды. Қазақстанның жалпы сот жүйесін және судьялар корпусының құқықтық мәртебесін, жеке алғанда, одан әрі жетілдіруге бағытталған шараларды қабылдауы осы факторға байланысты болды. 2005 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактке Республиканың қосылуы бұл үдерісте басты мәнге ие болды. Оның нормаларын орындау үшін мемлекетішілік заңнамаға сот төрелігіне қол жеткізуді кеңейту үшін қолайлы құқықтық жағдайларды жасауды қамтамасыз ететін түзетулер енгізілуде.
Қарастырылып отырған конституциялық нормадағы «Сот билiгi ... азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды ... мақсат етiп қояды» деген конституциялық тұжырым туралы айтқанда, ол ғылыми әдебиетте әртүрлі түсіндірілетініне назар аударған жөн. Кейбір ғалымдар сотқа «заңмен қорғау функциясы берілмегендіктен», ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жүзеге асырмайды деген пікір білдіреді, мұнда нақтылау ұстанымы көрінеді, яғни құқықтарды сот қорғамайды, құқықтар сотта қорғалады. Бұл конституциялық нормада, біздің ойымызша, әңгіме өтініш жасаған субъекттердің құқықтарын, бостандықтарын және мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуді білдіретін сот қызметінің рөлі3 (немесе мақсаты) туралы болып отыр.
Сот төрелігі құқық қолдану нысанындағы құқықты іске асырудың «классикалық» мысалы болып табылатынын есте сақтаған жөн, ал құқық қолдану – бұл құзыретті (оған арнайы уәкілеттік берілген) органдардың және тұлғалардың заңдық істерді қолданыстағы заңнама негізінде және оларды орындау үшін жеке құқықтық актілерді (ұйғарымдарды) қабылдау арқылы қарау және шешу жөніндегі өкіметтік ұйымдастырушылық қызмет, оның мақсаты құқықтық нормалар адресаттарына оларға тиесілі құқықтар мен міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ету.
Демек, заңдық істер мен дауларды қарау оның нысанасына қатысты қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық базаға жүгінуді көздегендіктен, «сот билiгi ... Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етудi мақсат етiп қояды» деген конституциялық ереже қисынды болып табылады. Қазақстан үшін бұл тұрғыда «қолданылатын құқық» деген ұғым ерекше болып табылады, Конституцияның 4-бабының 1-тармағына сәйкес оған Конституция, соған сәйкес заңдар, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер, халықаралық шарттар және Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының нормалары кіреді..
2. Нақты конституциялық істерді қарау кезінде Конституциялық Кеңес осы конституциялық норманы екі рет түсіндірді. Конституциялық бақылау органының қорытынды шешімдерінде мазмұндалған ережелердің мағынасы былай түсіндіріледі.
Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 29 наурыздағы «Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағына, 14-бабының 1-тармағына, 76-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы» № 7/2 қаулысында қаралып отырған норманы «заң негізінде адамның және азаматтың кейбір конституциялық құқықтарын шектеуге жол беретін шешімдер, үкімдер және өзге де қаулылар қабылдауға, лауазымды адамдардың заңсыз іс-әрекеттеріне жасалған шағымдарды қарауға, мемлекеттік органдардың Конституция мен Республика заңдарына қайшы келетін заңсыз актілерін бұзуға сотқа құқық берілген деп түсіну қажеттілігі көрсетілген.
Осы норманы екінші рет түсіндіру кезінде Конституциялық Кеңес, конституциялық құқықтарды шектеу (мүліктен мәжбүрлеп айыру нысанында) заңға сәйкес алдын ала сот шешiмiнсіз болуы мүмкін, алайда бұл жағдай кейін мемлекеттiк органның сот тәртiбімен шағымдану мүмкін екендігін көрсетті.
Сонымен, біріншіден, соттардың қарау нысанасына заңмен олардың қарауына жатқызылған барлық істер мен даулар жатады және, екіншіден, осындай істер мен даулардың шеңберін қоғамдық қатынастардың көрсетілген құқықтық көздері реттейтін мазмұнымен белгіленеді.
Халықаралық шарттардан туындайтын істер мен даулар туралы айтатын болсақ, Конституцияның 4-бабының 3-тармағына сәйкес, Республика бекiткен халық- аралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде тiкелей қолданылатындығын ескеру қажет.
3. Сот төрелігі сот қызметінің сөзсіз нәтижелілігіне және мемлекет кепілдік беретін үкімдер мен олар қабылдайтын өзге де актілердің міндеттілігіне байланысты құқықтық қатынастар субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін мемлекеттік қорғаудың ең әсерлі ұйымдастырушылық нысандарының бірі болып табылады.
Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымына сәйкес, қаралып отырған конституциялық ұстаным сот белгілеген мән-жайларға, оларды құқықтық бағалауға және сот актілерінде көрсетілген нұсқамаларына қатысты міндеттілікті, сондай-ақ соттардың құқықтық актілерін барлық мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды тұлғаларының, жеке және заңды тұлғалардың міндетті орындауын білдіреді. Сонымен бірге, соттардың шешімдеріне, үкімдеріне және өзге де қаулыларына сот тәртібімен шағымданудың, олардың заңдылығын одан кейін тексерудің және негізділігінің құқықтық мүмкіндігінің түпкіліктілігіне жол берілмегендіктен, соттардың шешім- дері, үкімдері және өзге де қаулылары түпкіліктілік белгіге ие болмайды.
Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстерінің нормаларына сәйкес, заңды күшіне енген үкімдер, шешімдер, ұйғарымдар, қаулылар, бұйрықтар барлық мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық ұйымдар, басқа да заңды тұлғалар, азаматтар үшін міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының барлық аумағында мүлтіксіз орындауға жатады.
Сот актілерін орындамау, сондай-ақ оларды орындауға кедергі жасау заңда көзделген әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады. Бұл ретте, борышкердің сот актісін белгілі бір бөлігінде немесе толық көлемде орындауының нақты мүмкіндігі болмаса, ол тұлғаны көрсетілген жауапкершілік түрлеріне тарту мүмкіндігі қарастырылмаған.
Сот актілерін орындамауға байланысты әкімшілік құқықтық қатынастардың субъектілеріне орындаушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер ғана емес, құқықтық теріс әрекеттер жасаған өзге де тұлғалар жатуы мүмкін. Сот актілерін қасақана орындамағаны үшін, сондай-ақ оларды орындауға қасақана кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке үкімге, шешімге немесе өзге сот актісіне сәйкес орындаушылық іс жүргізу барысында белгілі бір әрекеттерді жасау- ға міндетті тұлғалар ғана тартылуы мүмкін.
Алдағы онжылдыққа жасалған Қазақстанның құқықтық тұжырымдамасы сот ісін жүргізудің тиімділігін арттырудың маңызды шарасы ретінде сот актілерін мүлтіксіз орындауды белгілейді. Осы мақсатта жеке орындаушылар институтын ендіру арқылы сот актілерін орындаудың аралас моделін енгізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, мемлекет табысына өндіріп алу туралы, сондай-ақ мемлекеттен өндіріп алу жөніндегі құжаттарды мәжбүрлеп орындау функциялары мемлекеттік сот орындаушыларына қалдырылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының ғылыми-практикалық түсіндірмесінен үзінді