22 Қыркүйек 2015, 05:19
ҚР Конституциясы, 70-бап
1. Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Республиканың Премьер-Министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
2. Егер Үкiмет және оның кез келген мүшесi өздерiне жүктелген мiндеттердi одан әрi жүзеге асыру мүмкiн емес деп есептесе, олар Республиканың Президентiне өз орнынан түсетiнi туралы мәлiмдеуге хақылы.
3. Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдейді.
4. Орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi Республиканың Президентi он күн мерзiмде қарайды.
5. Орнынан түсудi қабылдау Үкiметтiң не оның тиiстi мүшесiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Премьер-Министрдiң орнынан түсуiн қабылдау бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.
6. Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуi қабылданбаған жағдайда Президент оған мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады.
7. Республиканың Президентi өз бастамасы бойынша Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауға және оның кез келген мүшесiн қызметтен босатуға хақылы. Премьер-Министрдi қызметiнен босату бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003 жылғы 19 қарашадағы № 11 «Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабын ресми түсіндіру туралы» қаулысынан:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, оның мүшелерінің не Премьер-министрдің орнынан түсуге құқығын, оның негіздерін және салдарын көздейтін Қазақстан Республикасы Конституцияның 70-бабының нормаларын, Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияда белгіленген тәртіппен жеке-дара тағайындайтын мемлекеттің алқалы органы ретінде Үкіметтің құрамына таралатын нормалар деп түсінген жөн. Премьер-министр Кеңсесінің, орталық атқарушы органдар мен ведомстволардың Үкімет мүшесі болып табылмайтын өзге де мемлекеттік қызметшілерінің орнынан түсуінің негіздері мен тәртібі заңнамалық актілермен белгіленіп, өзгертіледі.
1. 2007 жылғы 21 мамырдағы Заңның 28-тармағымен Үкіметтің Президенттің алдындағы өкілеттігін доғару және Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдеуі мәселелері бойынша Конституцияның 1 және 3-тармақтарына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Түсінік берілетін тармақ Үкіметті құруға Президенттің құқығы туралы Конституцияның нормаларын негізге ала отырып, Мемлекет Басшысы Премьер-министр лауазымына кандидатураны Мәжіліске ұсынуға құқық алу үшін, Үкіметтің жаңадан сайланған Президенттің алдында өз өкілеттігін міндетті түрде доғаруын белгілейді. Конституцияның осы бабымен, мәнісі бойынша, Президенттің өкілеттік мерзімінен туындайтын Үкіметтің өкілеттік мерзімі қайта айқындалады. Үкімет Президенттің өкілеттік мерзімінің шегінде әрекет етеді және жаңадан сайланған Мемлекет Басшысының алдында өз өкілеттігін доғарады. Республиканың жаңадан сайланған Президентiнiң алдында өкiлеттiгiн доғару Үкiметтiң жаңадан сайланған Мемлекет Басшысының атына жолданған және Үкiмет мүшелерi қол қойған жазбаша өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады. Өкiлеттiктi доғару туралы өтiнiш жаңадан сайланған Республика Президенті қызметке ресми кiрiскеннен кейiн берiледi. Өкілеттіктерін доғарған жағдайда Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша Үкiметтiң жаңа құрамы бекiтiлгенге дейiн өз мiндеттерiн атқара бередi. Бұл оның қызметін үзбеудің объективтік қажеттілігіне байланысты.
Премьер-Министр жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселені Парламент Мәжілісіне жолданатын жазбаша өтініш арқылы қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді. Осылайша, Премьер-Министрді Президент Мәжілістің келісімімен тағайындайтын Конституцияның 65-бабы 1-тармағының ережесі, сондай-ақ Парламент Мәжілісі алдындағы Үкіметтің жауапкершілігін айқындайтын Конституцияның нормалары іске асырылады.
2. Үкімет және оның кез келген мүшесінің өзінің орнынан түсетіндігі туралы Мемлекет Басшысына мәлімдеуге конституциялық құқығы бар. Конституцияда Үкімет пен оның мүшелерінің орнын түсу институты толық реттелмеген. Үкімет мүшелеріне қатысты ол егжей-тегжейлі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында реттелген. Осы заңда орнынан түсу кеңірек ауқымды топтағы адамдар – Үкімет мүшелері жататын барлық саяси мемлекеттік қызметшілер бойынша реттелген. Бұл ретте, орнынан түсу ретінде осы Заңға сәйкес саяси мемлекеттік қызметшінің жазбаша өтінішінің негізінде жүзеге асырылатын тиісті мемлекеттік лауазымдағы міндеттерін орындауды тоқтату түсініледі. Орнынан түсу үшін лауазымдық өкілеттіктерін өрескел бұзу негіз болып табылмайтыны Заңнан туындайды. Мемлекеттік қызметте болумен сыйыспайтын әрекеттерді жасау, яғни осындай негіздер теріс себептермен жұмыстан шығаруға негіз болады. Сондықтан орнынан түсуге себеп орнынан түсуге, ал мүмкін болмаған жағдайда, оның пікірі бойынша оған жүктелген лауазымдық міндеттерді орындауға құқығы бар субъектінің ерікті түрде ерікті білдіруі болып табылады.
3. Осы баппен әдетте Үкіметке парламенттік сенімсіздік білдіру деп аталатын конституциялық-құқықтық институт белгіленеді.
Үкімет:
1) Үкіметтің Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсететін Конституцияның 53-бабының 2) тармағында;
2) Мәжіліс депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен, Мәжіліс депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Мәжіліс Үкіметке сенімсіздік білдіруге хақылы екендігін белгілейтін 56-баптың 2-тармағында;
3) Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер- Министр Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмейді. Егер сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептелетінін көздейтін Конституцияның 61-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Президентке мәлімдейді. Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы алқалы шешімін Республика Президентіне мәлімдейді. Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы түпкілікті шешімді орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi он күн мерзiмде қарауға міндетті Президент қабылдайды. Мемлекет басшысының орнынан түсудi қабылдауы Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Үкiметтiң орнынан түсуi қабылданбаған жағдайда Президент оған мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады.
4. Мемлекет басшысы үшін көзделген Үкіметтің орнынан түсу туралы өтінішін қараудың 10 күндік мерзімі:
1) Үкiмет немесе оның тиiстi мүшесi орнынан түсу туралы ерікті түрде мәлімдеген;
2) Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдіруіне байланысты Үкімет орнынан түсетіні туралы мәлімдеген жағдайларға қолданылады 10 күндік мерзім көрсетілген мәлімдеме Мемлекет Басшысына келіп түскен күннен басталады, бұл ретте әңгіме 10 күнтізбелік күн туралы болып отыр.
5. Мемлекет басшысы мәлімделген орнынан түсуді қабылдауға құқылы. Үкіметтің орнынан түсуін қабылдаған жағдайда, ол өз өкілеттігін тоқтаған сәттен бастап тоқтатылады. Егер Премьер-министр өзінің орнынан түсетінін мәлімдесе, онда оның орнынан түсуiн қабылдау бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Үкімет мүшелері орнынан түсуді қабылдаған жағдайда, оның өкілеттігі орнынан түсуді қабылдаған сәттен бастап тоқтатылады. Орнынан түсуді қабылдау туралы шешім Мемлекет Басшысының жарлығымен ресімделеді.
6. Мемлекет Басшысы Үкіметтің немесе оның мүшесінің орнынан түсуін қабылдай да алады және бас тарта да алады. Президент орнынан түсуді қабылдамаған жағдайда орнынан түсу туралы мәлімдеген Үкіметке немесе оның мүшесіне өз міндеттерін орындауды жалғастыра беруді тапсырады. Мұндай жағдайда Үкімет өз өкілеттігін сақтайды және бұрынғы құрамда жұмыс істейді, ал Үкімет мүшесі болып табылатын адам өз лауазымын сақтайды.
2007 жылғы 21 мамырдағы Заңға сәйкес «Парламенттің сенімсіздік білдіруіне байланысты мәлімделген Үкiметтiң орнынан түсуi қабылданбаған жағдайда, Президент Парламентті таратуға құқылы» деп жария етілген Конституцияның 70-бабының 6-тармағынан екінші сөйлем алып тасталды. Мұндай алып тастау заң шығарушы орган өкілеттігінің елеулі кеңеюіне, сондай-ақ Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайларда заң шығару және атқарушы билік тармақтарының арасындағы қарсылықтарға жол бермеуге байланысты Парламенттің рөлін арттырудан туындап отыр.
7. Әдетте, осы норма теріс себептер бойынша өкілеттіктерді тоқтату (бірақорнынан түсу емес) туралы айтып отыр. Бұл дегеніміз – Үкімет мүшелеріне жүктелген міндеттердің тиісінше орындалмауы, оларды қызметтік әдеп ережелерін бұзуы, құқық бұзушылықтар жасауы. Үкіметке қатысты жалпы – бұл Мемлекет басшысы қойған міндеттердің орындалмауы, Конституция мен Республика заңнамасын бұзу.
Қазақстан Республикасы Конституциясының ғылыми-практикалық түсіндірмесінен үзінді