ҚР Конституциясының 69-бабына түсіндірме

21 Қыркүйек 2015, 10:57

ҚР Конституциясы 69-бабына түсіндірме

1. Қазақстан Республикасының Үкiметi өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар қаулылар шығарады.

2. Республиканың Премьер-Министрi Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар өкiмдер шығарады.

3. Үкiметтiң қаулылары және Премьер-Министрдiң өкiмдерi Конституцияға, заң актiлерiне, Республика Президентiнiң жарлықтары мен өкiмдерiне қайшы келмеуге тиiс.

 1. Үкіметке жүктелген көптеген басқару міндеттерін іске асыру Конституцияға сәйкес қаулы болып табылатын Үкімет актілерін шығару жолымен жүзеге асырылады.

Осылайша, қаулы Үкімет актілері ретінде оның құзыретіне сәйкес және Конституцияны, заңдарды және Президент актілерін орындау үшін қабылданады.

Үкімет қаулылары Қазақстанның бүкіл аумағында міндетті күші бар нормативтік және жеке (нормативтік емес) деп бөлінеді және оларға Премьер-Министр қол қояды.

Қаулылардың міндетті күші Қазақстан шегінде оларды орындау және сақтау барлық қолдану субъектілері үшін міндетті екендігін білдіреді.

Нормативтік қаулылар құқық нормаларын қамтиды және ел заңнамасының құрамдас бөлігі, яғни Конституцияның 4-бабынан туындайтын Республиканың қолданыстағы құқығы болып табылатын. Мемлекет Басшысының жарлықтарымен қатар Үкіметтің нормативтік қаулылары заңға тәуелді актілер жүйесінің негізін құрайды. Оның үстіне, осы қаулылардың рөлі Парламенттің конституциялық тұрғыда белгіленген заң шығару құзыретінің шегі жағдайында өте маңызды. Демек,  құқық  қатынастарының  едәуір  бөлігі  Қазақстан  жағдайында  заңға тәуелді актілермен, соның ішінде Үкіметтің нормативтік қаулыларымен, бірақ заңда белгіленген құзырет шеңберінде реттеледі.

Конституцияға сәйкес азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты Үкіметтің нормативтік қаулыларын ресми жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады. Жеке қаулылар құқық нормаларын қамтымайды және нақты мәселені шешуге бағытталған.

Үкіметтің барлық қаулылары – алқалы органның актілері, сондықтан қабылданған қаулылар – бұл Үкіметтің барлық мүшелері немесе олардың көпшілігі дауыс берген шешім.

Үкімет қаулыларының қолданылуын жою және тоқтата тұруды Үкіметтің өзі де, мемлекет Басшысы да жүзеге асыра алады. Бұл басқарудың мақсатқа сәйкестігі себебімен де, заңдылық себебімен де жасалынады.

Үкімет қаулыларын әзірлеу және қабылдау Үкіметтің өзі бекітетін Үкімет регламентімен айқындалатын ережелер мен рәсімдер бойынша жүзеге асырылады.

2. Премьер-Министр Үкімет басшысы ретінде өз құзыретін, қажет кезде, жеке-дара өкімдер шығару арқылы іске асырады.

Үкімет туралы Конституциялық заңының 10-бабына сәйкес Премьер-Министрдiң өкiмдерi әкiмшiлiк-өкiмдiк, жедел және жеке-дара сипаттағы мәселелер бойынша шығарылады.

Өкім құқық нормаларын қамтымайтын жеке-дара актілер болып табылса да, олардың Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар.

Премьер-Министрдің өкімдерінің күшін жоюды және тоқтата тұруды Премьер-Министрдің өзі, Үкімет, сондай-ақ Президент қолданыстағы заңнамаға сәйкес келу себебімен де, басқарудың мақсатқа сәйкестігі себебімен де жүзеге асырады.

Премьер-Министрдің өкімдерін әзірлеу және қабылдау Үкімет қаулылары сияқты Үкімет регламентімен айқындалатын ережелер мен рәсімдер бойынша жүзеге асырылады.

3. Сатылы құқықтық жүйеде маңызды талап және оның табысты жұмыс істеуіндегі, сондай-ақ дұрыс қолданылуындағы шарт бір актілердің екіншісіне, соның ішінде төмен деңгейдегі актілердің жоғары тұрған актілерге қарама-қайшы келмеуі болып табылады.

Осыған байланысты, Үкімет қаулыларымен Премьер-Министр өкімдерінің Конституцияға, заңнамалық актілерге және Мемлекет Басшысының актілеріне қарама-қайшы келмеуі конституциялық талап болып табылады.

Осы талаптарды сақтамау олардың қолданылуын жоюға немесе тоқтата тұруға (оларды жарамсыз деп тануға) әкеледі. Бұл ретте актілердің күшін жою толықтай немесе бір бөлігімен жүзеге асырылады, ал қолданылуын тоқтата тұру белгілі бір мерзімге немесе тиісті заңдық фактілер туындаған кезде жүзеге асырылуы мүмкін.

Күшін жою немесе тоқтата тұру Үкіметтің нормативтік те, жеке-дара қаулыларына да қатысты болады.


Қазақстан Республикасы Конституциясының ғылыми-практикалық түсіндірмесінен үзінді

Бөлісу: