Әр елдің салты басқа

30 Маусым 2020, 16:07 9893

Жүктілік пен босануға байланысты ырымдар

Қазақстанда тұратын әр ұлттың жүктілікке, баланың өмірге келуіне байланысты ежелден келе жатқан өз салт-дәстүрлері, сенім-нанымдары мен ғұрыптары бар. Заманауи ғылым қай халықтың болмасын, бұл ғұрыптарын діни сенім ғана емес, ғасырлық тұрмыстық тәжірибе мен әйелдің физиологиялық, психикалық жағдайын жақсы түсінген даналыққа балайды. Бір қызығы, ұлттардың әйел жүктілігіне байланысты салттарында да ұқсастық көп. Бұл туралы келесі мақалада.

 Қазақтар шақалақты қасқыр терісіне жатқызған


(Сурет иесі: https://kazakh-tv.kz/ )

Қазақ халқында тұрмыс құрған әйелдің негізгі міндеті әулетке ұрпақ сыйлау болып табылады. Бедеулік ежелгі заманнан әйелдің ең үлкен қасіреті саналды. Бұл тіпті оны талақ етуге немесе ер адамның екінші әйелмен бас қосып, тоқал алуына себеп болатын. Қай уақытта да қоғам отбасының бала сүйе алмауын бірінші әйелден көретіні де жасырын емес.

Сондықтан қаақ дәстүрінде қыз баланы ерте жастан отбасылық өмірге дайындап, оны көзінің қарашығыныдай сақтайды.

Жүкті әйелдің ораза ұстамауына рұқсат беріледі, жеріктігін басу үшін, оның сұраған қандай асын болмасын тауып беруге тырысады. Мәселен, аңыздарды қарар болсақ, батыр туар аналарымыздың жолбарыстың, аюдың, қасқырдың жүрегіне жерік болғанын, және оны тауып беру үшін ауылдың бүкіл еркектерінің айшылық аңшылыққа шыққанын көреміз.Жерігі басылмаған әйел дімкәс, әлсіз бала тууы мүмкін. Сондықтан, жүкті әйелдің бетін қайтармай, оның қалағанын тауып беруге тырысады. Алайда, жүкті әйелдің қоянның, түйенің, балық етін жеуіне шектеу қойылады.

Баланың жынысын анасының жерік асына байланысты да жорамалдайтын болған. Егер жүкті әйелдің тәбеті тәттіге тартса, қыз, жабайы жануарлардың етіне аңсары ауса батыр ұл туады деп сенген.

Алайда, қазақ әйелдері еш уақытта жүктімін деп, үй шаруасынан қол үзген емес.

Қазақ әйелдері жүктілік кезінде шаштарын қимайды, ымырт үйірілгенде далаға шықпайды, жерлеу рәсімдеріне қатыспайды. Бұрынғы уақытта сондай-ақ оның баласыз әйелмен немесе науқас адаммен араласуына да шектеу қойылатын болған.

Келіннің алғашқы жүктілігіне байланысты «құрсақ шашу» тойы жасалады. Жас босанатын немесе босанған әйелге тойдан сарқыт беріп жіберу де сол әдемі дәстүрлердің бірі.

Қазақтарда баласының бесігін сатуға, лақтыруға тыйым салынады. Бесік – ұрпақ жалғасы болып есептеледі. Оны сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттаған. Үйге келін түскеннен кейін, көпбалалы туыстарынан бесік алу жақсы ырымға баланады.

Бұрынғы уақытта дүниеге келген шақалақтың кіндігін балтамен кескен. Кіндікті жіппен байлап, оның айналасын күлмен залалсыздандырған. Кіндік кескен балтаны кейін тұрмыста қолдануға тыйым салынып, оны балалардың қолы жетпейтін жерде орап сақтаған. Ер баланың түскен кіндігін үйкүшік болмасын деп, үйден алысқа лақырған, ал қыз баланыкын керісінше, қыдырымпаз болмасын деп үй маңына көмген. Жаңа туған шақалақты анасының төсіне қоймай тұрып, қасқырдың терісіне жатқызған, осы арқылы балаға қасқырдың төзімділігі мен күш-қайраты беріледі дегенге сенген. Ескі наным бойынша баланы қырқынан шыққанға дейін далаға шығармайды, айдың сәулесіне жатқызбайды. Бала ұйықтар алдында бәле-жәледен сақтасын деген дұғамен оның төсек-орнын аластайды.

Славян халқы сәбиді қайта «тірілген» ата-бабасы деп сенген


(Сурет иесі: https://ru.wikipedia.org/)

Славяндар адамның өмірге келуін тылсым күшпен байланыстырады. Сондықтан жүкті әйелдерді сырт көз бен «жын-шайтаннан» қорғау үшін, оның жүктілігін тіпті жақын туыстарынан да жасырады. Әйелден «жүктісің бе?» деп сұрауға ешкімнің де дәті бармайды. Себебі, бұл сұрақты әйелге жамандық тілеген, дуа салуды көздеген адам ғана тіке қояды деп сенген. Әйелдердің жүктілігін сол кездегі киім үлгісінің кеңдігі де жасырып тұратын.

Славяндар жанның өлмейтініне және өлген адамның жанының бұл әлемге басқа адамның кейпінде қайта келетіндігіне сенетін. Сондай-ақ, туыс адамдардың жаны тек сол әулетте ғана қайта «тіріледі» деген наным болды. Яғни әрбір дүниеге келген жаңа адамды олар өмірге қайта келген ата-бабалары деп қабылдады. Ал жүкті әйелді өмір мен өзге әлемді байланысытыратын, сиқыр күші берілген жан деп білді. Сондықтан, оны ренжітсе, ол көтеріп жүрген әулеттің «үлкендерін» ашуландырамыз деп қорыққан.

Жүкті әйелдің бетін қайтарып, сөзін жерге тастау да жаман ырым болып саналды. Оның өтінішінін орындамаған адамның тышқандар киімін сұраған затының көлеміндей етіп тесіп кетеді дейді олар.

Сыртқы күштерден жүкті әйелді түрлі тұмарлармен сақтауға тырысты, ол үшін киім жағасына көзі жоқ ине түйреп, сәлдегүл жидектерінен тізілген алқа тағатын, ал белдерін балық ауынан немесе жүн арқаннан тоқылған белдікпен буатын.

Түнде әйел өзін еркек деп ойлап, зиянын тигізбесін деген қауіппен, күйеуінің жейдесін немесе шалбарын киіп ұйықтайды. Ол ұйықтайтын бөлменің табалдырығына жүзін сыртқа қаратып балта, пышақ қоятды, босағаға Құдайларының бейнесін іліп қояды.

Егер жүкті әйел тұздалғанға, ащы тағамға, жерік болса, ол көтеріп жүрген сәби ұл болады, тәтті жесе – қыз болады деп жоритын.Бұл жөнінде қазақтар жорамалымен сәйкестік бар. Сондай-ақ, әйел нанның құрышын жесе ұл, жұмсағын жесе қыз туады,жүктіліктің алғашқы үш айы жеңіл өтсе – ұл, ауыр өтсе – қыз болады. Ал егіздердің дүниеге келуін анасының жүктілік кезінде қосарланып өскен жеміс-жидектерді немесе екі сарысы бар жұмыртқаны жеуімен байланыстырған.

Босанар алдында шашын қиюға болмайды, себебі шашта адамның өмірлік күш-қуаты бар деп есептеледі. Бас жуу мен шаш тарауға да белгілі бір күндері ғана рұқсат етілді. Көріксіз нәрсеге немесе адамға көз салуға болмайтын: бала ажарсыз болып туылады. Жүкті әйел іс тігіп немесе жүн иірсе, баланың денесіне қал түседі немесе туылғаннан кейін жолы жабылып қалады деген түсінік болды. Жүкті әйелдің киімінде түйін болмауы керек. Себебі, түйілген түйін баланың бұл әлемге шығуына тұсау болады деп есептеледі. Бала күтіп жүрген әйел табалдырыққа отырмайды, табалдырық екі әлемді бөліп тұрған қабырға болып есептеледі. Терезеден түсуге, томардан аттауға болмайды, ауыр босанады.

Сондай-ақ, анасы болашақ баланың алғашқы киетін киімін өзі дайындауына болмайды.

Тағы бір қызық дерек, қуаңшылық кезінде жаңбыр шақыру үшін жүкті әйелге су шашатын болған. Ал жүкті әйел сиырды алжапқышымен үш рет ұратын болса, ол жақсы төлдейтін болады-мыс.

Татарлар қыз бала әйелдің сұлулығын «ұрлайды» дейді


(Сурет иесі: https://m.realnoevremya.ru/)

Татарлар әйелдің жүктілігі Тәңірден берілген сыйлықдеп есептейді. Егер отбасыңда көпке дейін бала күлкісі естілмесе, оған әйелді кінәлі деп есептейді. Татарлар оны «корык» (құрғақ) дейді. Бедеуліктен құтылу үшін емші-балгерлерге қаратып, молдалараға тұмар оқытып тағады, қасиетті жерлерді аралап, ішке арнайы массаж жасатады. 

Жүкті болған уақытта әйелдің жүріс-тұрысына байланысты шектеулер де көп болады. Оның қалауын орындап, бетін қайтармауға тырысады. Әйел адамға көмектесу сауап деп есептеледі.

Татарлар да баланың жынысын әйелдің сыртқы келбетіне қарап жоритын. Егер әйел ажарсызданып, түрі бозарыңқы көрінсе, анасының сұлулығын дүниеге келетін қыз бала «ұрлады» дейді. Ал керісінше, қызылшырайланған әйелер бала босанады. Айтпақшы, бұл ескі татар жорамалын бүгін де жиі естиміз.

Болашақ сәбидің жынысын жұмыртқа арқылы да анықтайтын тәсіл болған. Ол үшін болашақ ана бірнеше жұмыртқаны суға қайнатады. Жұмыртқаның ойығы шекесінде болса - ұл, жанында болса - қыз туады. Босану кезінде әйелдің белі ауырса, дүниеге келетін сәбидің қыз бала болғаны.

Бала сымбатты болуы үшін болашақ анаға көбірек алма жеуге кеңес беріледі. Өмірге егіздердің келуі қос бақыт, олардың анаысының барлық күнәлары кешіріледі.

Жалпы, татарлар үшін жүкті әйелдің жағдайын әңгімелеу әдепсіздік болып саналады. Бұл әңгімеге еркектер тіпті араластырылмайды. Татар әйелдері мұны өз араларындаәңгімелегенде де, сырт көзден тасаланып, сыбырмен ғана сөйлеседі.

Башқұрлар табалдырыққа ит-қасқырдың басын көмген


(Сурет иесі: https://svadbavo.ru/)

Башқұрларда да жүктілікті жасыру дәстүрі бар. Ол туралы «ауырлы» (ауыр), «йоге бар», «буйында бар» (бірнәрсе бар) деп жұмбақтап айтылатын.

Жүкті әйелді адал табылған нанмен ғана асырау қажет, әйтпесе, бала жалқау болып өседі деген сенім бар. Оған үй қыдырып, басқа біреудің үйінен тамақ ішуге де тыйым салынды, себебі сәби қыдырымпаз болуы мүмкін.

Жүкті әйелге тоқуға, тігуге тыйым салынатын. Себебі, анасы іс тіксе, бала өз кіндігіне оратылып қалады деген сенім бар. Әйелдің аяқтарын айқастырып отыруы - босану кезінде қиындықтар туғызады.

Жүкті әйелдің барлық ауру-сырқауы мен көңіл-күйінің жоқтығын башқұрлар жын шайтанның ықпалы деп түсінетін. Оларды қуу үшін тұмарлар тағады. Мәселен, «бетеу» (тұмар). Кей кездері үй табалдырығының астына қасқырдың немесе иттің басын көміп тастайды.

Башқұрлардың баланың жынысын анықтауға байланысты ырымдары да қызық. Босанар алдында әйелдің анасы мена енесі көйлек пішіп, оны киіз астына жасырып қояды. Егер үйге бірінші ер адам кірсе, ұл бала, әйел адам кірсе, қыз бала келеді деп жориды. Егер үйге бірінші болып кішкентай балалар кірсе, мұны жақсылыққа балайды. Бұл әйелдің жеңіл әрі тез босанатындығының белгісі. Көз тиуден қорыққан жас келіншек жүктілік кезіндежұрт көзіне көп түспеуге тырысады. Ал оның босануына тек емші мен ең жақын адамы ғана қатыса алады. Татаралар жүктілік туралы аз адам білсе, оның өтуі де жеңіл болады деп сенеді.

Жүкті әйелдің түнде далаға шығуына тыйым салынады, мүгедектігі бар адамдарға қарауға, жерлеу рәсімдеріне қатысуға рұқсат етілмеді. Болашақ сәби үшін арнап бірнәрсе тігуге немесе сатып алуға болмайтын. Барлық қажеттіні жүкті әйелдің анасы дайындап, тек босанғаннан кейін ғана алып келеді.

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: