«Қызымды жоғалттым». Тайландтағы бала ұрлау оқиғалары рас па?

14 Маусым, 14:50 5054

Әлеуметтік желіде Тайландта бала ұрлаудың тағы бір қорқынышты оқиғасы тарады. TikTok әлеуметтік желісінде автор бір жасар қызының қалай ұрланғаны туралы жазба жариялады, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі Tengri Travel-ге сілтеме жасап.

ТikТоk желісінде төрт күн бұрын бір жасар сәбидің ақ-қара суреті бар жазба пайда болды. Осы уақыт ішінде жазбаға 12 мыңнан астам ұнату белгісі басылып, жүздеген пікір қалдырған. Жазба авторы бұл оның 2022 жылдан бері іздеген қызы екенін, бірақ нәтиже шықпағанын айтады.

Күйеуім екеуміз қонақүй бөлмесінен 5 минутқа шықтық, қызымыз ұйықтап жатыр еді. Қайтып келгенде, полиция бізге көмектесе алмайтынын айтты, - деп жазды автор.

Желі қолданушылары нәрестенің анасына жанашырлық танытып, қолдау көрсету піікірін жазса, енді бір топ оқиғаның растығына күмән келтірді.

Tengri Travel тілшісі жазба авторымен хабарласпақ болған. Алайда ол оқыған хабарламасын жауапсыз қалдырды. Содан кейін ол оқиға туралы жазған жазбаларын өшіріп тастаған.

Таяуда әлеуметтік желілерде Тайландта қазақ балаларының жаппай жоғалып кеткені туралы хабарламалар тарап кеткен болатын. Бұдан кейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров балалар ұрлығы туралы хабардың жалған екенін айтты.

Сыртқы істер министрлігіндегілер жоғарыдағы жазба да шындыққа жанаспайтынын айтты.

Бұл бірнеше жылдан бері әлеуметтік желілерде тараған ескі, жалған хабарламалар. Балалары "ұрланған" ата-аналардың байланыс нөмірін бірде-бір адам тарата алмайды, - деп жауап берді Смадияров.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: