Қызылша өршіп тұрған өңірлер анықталды

28 Қараша 2023, 09:30 1421

Елімізде осы жылы қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның 82 пайыздан астамы тек балаларға тән екені анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министр мәлім еткендей, 167 елде қызылша бойынша жағдай күрделеніп жатқанын атап өтті.

Елімізде вакцина алмаған балалар 83 пайызды құрайды. Қызылша аурулары барлық өңірлерде тіркелді. Жоғары деңгей Шымкент қаласында анықталды. Мұнда 3 мыңнан астам жағдай тіркеліп отыр. Алматы қаласы, Жамбыл облыстарында 2 мыңнан астам, Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Атырау облыстарында 1 мыңнан астам қызылшамен ауырғандар тіркелді, – деді Ажар Ғиният.

Сондай-ақ министр сырқаттанушылықтың күрт өсуі осы жылдың қыркүйегінен бастап ұйымдасқан ұжымдарда балалардың жиналуына байланысты қызылшаның өршуі анықталып отырғанын жеткізді.

Салдарынан сырқаттанушылық деңгейі екі есе өсті. Қараша айында қызылшаның 6 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам орын ашылды. Стационарлық емделуде қазіргі таңда 2375 бала бар. Төсектерге жатқызу 60 пайызды құрайды. Резерв 1093 орынды құрап отыр, – деді денсаулық сақтау министрі.

Бұл тұрғыда премьер-министр Әлихан Смайылов аурудың таралуын тоқтату қажеттігін айтты. Ол өз кезегінде:

Қызылша асқынып кетсе, балалардың денсаулығына аса қауіп төндіреді. Сондықтан онымен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып, күресуіміз қажет, - деді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: