Қызылордада жігіт өз әйелін жүкті қылғаны үшін сотталып кетті

Кеше, 17:03 884

Қызылордада облысында жас жігіт 15 жастағы әйелін жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Informburo мәліметінше, Нұртілеу мен Аяла шаңырақ көтерген кезде қыздың жасы 15 жаста еді. Ата-аналардың рұқсатымен молдаға некелерін қидырған. 

Кейін 15 жастағы Аяла жүкті болып, дәрігерге көрінген кезде медицина қызметкерлері ақпаратты полицияға жеткізді. 21 жастағы Нұртілеу жасөспірімді жыныстық қатынасқа итермеледі деп айыпталды. 

Бала түсіп қалу қаупі бар деген соң УЗИ-ге түсірдік. Бір аптадан кейін полиция шақырды. Содан тергеу басталды. Үш ай баламды тергеуде сандалтты. Анау әншілердің қыздары кетіп жатыр ғой. Қанша әншілердің қыздары ерте күйеуге шықты. Оларға заң жоқ та бізге келгенде заң бар ма? Педофил қылып көрсеткені аздай, баламды 12 жылға соттап жіберді, - дейді сотталушының анасы Гүлбану Әшірбаева.

Нұртілеу Ибрагимов кәмелетке толмаған қызды төсек қатынасына тартты деп айыпталған, сотқа жұбайы жәбірленуші ретінде қатысты. Алайда Аяла әлі күнге дейін күйеуінің үйінде тұрып, келіндік міндетін атқарып жүр.

Мен бұл үкімге келіспеймін, күйеуімді босатып беріңдер дедім. Былай қарап отырсақ, 15 жастан үйленіп жатқандар көп қой. Бірақ менде солар бақытты болуға лайық та, дәл біз неге бақытты болуға лайық емеспіз деген сұрақ бар. Не үшін менің күйеуім жазықсыздан жазықсыз түрмеде отыр, дейді жас келіншек.

Қылмыстық іс жабық түрде қаралып, ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу және мұғалімдік қызмет атқарудан өмір бойына айыра отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Аппеляциялық сотта да 21 жастағы жігіттің жақындарының шағымы қанағаттандырусыз қалған. Ата-аналары енді жоғары сотқа жүгінбек.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: