Қызылордада мемлекеттік қызметшілердің 45 пайызы әйелдер

7 Наурыз, 13:03 1170

Бүгінгі таңда Қызылорда облысының мемлекеттік органдардың штат саны 3346 бірлікті құраса, онда нақты жұмыс жасайтын 3271 мемлекеттік қызметшінің ішінде әйелдердің үлесі 45 пайыз екен. Оның ішінде 20 пайызы басшылық лауазымдарды атқарады. Атап айтқанда, бір басқарма басшысы, төрт департамент басшысы, тоғыз басқарма басшысының орынбасары, тоғыз департамент басшысының орынбасары, үш ауыл әкімі, он екі қалалық және аудандық деңгейдегі дербес бөлім басшылары бар.

Ер азаматтармен иық тіресе еңбек еткен нәзік жандылардың да шыққан белесі баршылық дейді  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Ел тәуелсіздігі жылдарында әйел-әкімдердің көшін бастаған Гүлшара Әбдіхалықова облыс әкімі кезінде Қызылорда облысында 2021 жылы  2,5 млрд теңгенің сегіз жобасы іске қосылды. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 89,5 мың гектар болса, егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін дақылдарды егуге назар аударды.

Жаңақорған ауданында бес жоба іске қосылды. Инвестицияның жалпы көлемі 2 млрд теңгеге жеткен. Атап айтқанда, 525 млн теңгеге 25 гектар алма бағы салынды. Қазалы ауданында 87 га жерге жаңбырлатып суару арқылы жүгері өсіріле бастады, осы жобаны іске асыру есебінен жылына 5,2 мың тонна сүрлем өндірісі жолға қойылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ауқымды жобалардың бірі - шыны зауыты іске қосылды. Өндіріс орны жылына 200 мың тонна өнім шығаруға маманданған, 500 астам жұмыс орнын ашқан.

Гүлшара Наушақызы әйелдерді жұмыспен қамту мәселесіне көңіл бөліп, көпбалалы әйелдерді бизнеске бейімдейтін гранттар бөлді. 

Екінші кезекте Сырдария ауданының әкімі болған Алмагүл Божанованы ерекше атауға тиіспіз. Нағыз елжанды кісі еді. Алмагүл Божанқызы басқарған жылдары аудан ауылшаруашылығы саласы бойынша ылғи үздіктер қатарында болды.

Осы Сырдария ауданында Зылиха Сыздықова Асқар Тоқмағамбетов, Ұлбала Абдраманова  Шаған ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған.

Ал, Жалағаш ауданында   Қаламқас Жартыбаева 2011-2015 жылдары Еңбек ауылдық округінің әкімі қызметін абыроймен атқарды.

Арал ауданы Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Азат Балмырзаева да «жас келсе іске» деген қағиданың иесі. Ауылдың дамуына жас жігерімен атсалысып, халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында аянбай еңбек етуде.

Қармақшы жері әйел-әкімге мол мүмкіндік берген ауданның бірі. Солардың сәтті ізін жалғаған әкімнің бірі –  Сәрсенкүл Есқалиева.

Еңбек жолын 1981 жылы Жосалы кеңшарында күрішшілер бригадасында механизатордан бастаған ол «Мал азықтық дақылдар өсіру» бағдарламасына сәйкес «Жігер» комсомол жастар бригадасының бригадирі болды. Мұнан кейін күрішші, бригадир, комсомол комитетінің хатшысы, кадр бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. «Казагрэкс» АҚ-ның зертхана меңгерушісі, аудандық ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрайымы, Т.Көмекбаев ауылдық округінің әкімі, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі, елді мекендегі шаруашылықтың директоры, аудан әкімі аппаратының персональды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы, Жосалы ауылдық округінің әкімі секілді түрлі жауапкершілігі мол қызметтік сатылардан сүрінбей өтті. Сәрсенкүл 2012, 2017 жылдары облыс бойынша көшбасшы әйелдер арасында өткізілген байқауында «Мемлекеттік басқару» және 2018 жылы Қазақстан ауыл әйелдерінің І форумында «Ауыл округінің үздік әкімі» номинацияларын жеңіп алған.

Осы Қармақшы ауданында Сәрсенкүл Есқалиевадан өзге он төрт ұлттың өкілі тұратын «ІІІ Интернационал» ауылында Гүлжамила Тоқтарбекованы, Ақай ауылының әкімдері Гүлсара Омарова, Райхан Байшораева, Эльмира Қазиеваны, Ақтөбе ауылының әкімі Марияш Тұрбаеваны, Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаеваны айрықша атап өткен жөн.

Бұл ретте ауыл әкімдердің ролі аясында мемлекеттік қызметте шыңдалған кәсіби маман Нұржамал Тұрсынбаевамен тілдескен едік.

El.kz: Әкім болған әйел затына ауыр соқпай ма?

Нұржамал Тұрсынбаева: Менің әкім қызметін атқарғаныма алтыншы жылға ауып барады. Әрине ауыртпалығы бар. Әсіресе әйел үшін. Өйткені ер адамның ісін әйел атқаруға тиісті жағдай туындағанда ол кәдімгідей ойлантып қояды. Десе де әкім болу ешбір жынысқа қарамайды. Жауапкершілік ортақ, міндет бір. Оған білім мен біліктілік, еңбек тәжірибесі керек. Істің көзін тауып, заң аясында сауатты болуың шарт. Сонан соң қызметтік реттілікті сақтай отырып, кейбір жобаларды жүзеге асыру үшін сұраныс жасата білу қажет. Үнемі ізденіс үстінде жүрген әкім ұтылмайды.

El.kz:  Бүгінгі ауыл тіршілігі қалай? Сізге нендей мәселе өзекті?

Нұржамал Тұрсынбаева: Жақында «Әкімдер мектебі» жобасымен оқу курсына қатыстым. Көп нәрсе үйрендік. Осы жобада ауылдық округтердің экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу және оларды тәжірибеде қолдану әдістемесін үйретті. Ауылды толғандыратын мәселе тек бір ауылдың тағдыры емес, ол елімізге де алшақ емес, ортақ. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауыл халқын қаржылық сауаттылыққа үйрету секілді көкейтесті мәселе көптің алдын кес-кестеп тұр.

Ауыл адамы шаруашылықта тоғыз ай еңбектеніп, маусымдық жұмыстарға байланысты үш ай дем алады. Осы үш айда тапқан-таянған табысын жеп бітеді.  Үйреншікті жағдайды бұзғым келіп, көрші Ақтөбе ауылында құс фабрикасында жұмыс істеп келіңіздер деймін. Ал, олар «көктемде жұмысымыз басталады» деп босқа әуре болмай-ақ дегендей кейіп танытады. Міне, кешегі кеңестік кезеңнен қалыптасқан жоспарлы экономикадан аттап кеткісі келмейді.

Мені әрбір отбасының қаржылық қоры болып, өз бизнесін домалатып отырса деген ой мазалайды. Сондай деңгейге жетсек ауыл адамының өзі қолы аузына толық жетер еді. Әзірге бұл арман!

El.kz:  Ер мен әйел бейнетке бетпе-бет келгенде сіздің шешіміңіз?

Нұржамал Тұрсынбаева: Мен ешқашан бейнеттен қашқан адам емеспін. Және одан қаша да алмайсың. Өйткені мойныңда ауылдың аманаты тұр. Оны бейнет деп емес, міндет деген дұрыс шығар.

El.kz: Әкім болуға қандай күш итермеледі. Бұрын да мемлекеттік қызметте болдың. Оның үстіне туған ауылыңа барып, әкім болудың жауапкершілігі зор емес пе?

Нұржамал Тұрсынбаева: Әкім боламын, туған ауылыма келемін деген  ниет үш ұйықтасам да ойыма келген емес. Оған түрткі болған – балам. Қаланы қаламай, ауылға аңсары ауып тұрған баламның қасына келуім қажет болды. Келгеніме өкінбеймін. Қайта қуанамын. Әкімдік төрт жылым тағайындалумен жүзеге асты, онан кейін халық сайлау процесімен өздері таңдады.  Бұл – білек түріп, елмен бірлесе жұмыс жасауға жетелсе, екінші жағынан бет алдымда туған жерге перзенттік парызбен атсалысу борышы тұрды. Міне, осылай өмір жалғаса берді ғой.

El.kz: Ақжар ауылында қанша халық тұрады? Ауылдың басты проблемасы, оның ішінде әйел-аналарды не толғандырады?

Нұржамал Тұрсынбаева: Ақжарда 300-ге жуық отбасы, 1784 халық бар. Ауылдағы үлкен екі  шаруашылықта және бюджеттік мекемелерде еңбек ететіндер бар, зейнеткерлерді қосқанда айына ауылға шамамен 87 мен 92 млн теңге аралығында қаражат кіреді екен. Осыны есептеп отырып, тапқан табыстың басым бөлігі сыртқа кететінін білдім. Яғни, киім-кешек, ас-ауқат үшін. Демек, ауылда кәсіпкерлікті дамыту өздігінен сұранып тұр. Әрине қамсыз емеспіз. Тігін және кондитер цехы жұмыс істейді. Бірнеше дүкен қызмет көрсетеді. Ендігі кезекте қаржы кірістерін қалайда ауылда қалдыру жолын қарастыру керек.

El.kz: Өзіңіз әкім қызметіне кіріскелі ауылға қандай жылы леп қоса алдыңыз?

Нұржамал Тұрсынбаева: Мен қызметке кездейсоқ келмегенімді айттым. Біріншіден ауылым, екіншіден, мұндағы мәселе маған жақсы таныс. Алдымен халыққа дәрігерлік-амбулаторияның қажеттігін байқайтынмын. Соған күш салдым. Кезекке қойылмаған екен, сәтін салып мүмкіндік таптық. Клубымыз жаңа, спорт метебіне демеушілер есебінен 8,7 млн-ға спорттық тауар алдық. №28 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бала бақша ғимараты типтік болғанмен көне еді. Оның кәріз жүйесін, шатырын демеушілер есебінен жаңалап алдық. Орталық саябақтағы сахна, спорттық алаң төсеніші, жарық көздері демеушілермен ауыстырылды. Он гектар жуық бақ бар. Жасыл желек жасауды қолға алдық. Абаттандыру, көркейту-көгалдандыру бағытында ауылдың кіреберіс қақпасын ағаштар отырғызылып, қазір жап-жасыл белдеуге айналды.

El.kz: Отбасы мен қызметті тең ұстауда әкімнің әрекеті қалай?

Нұржамал Тұрсынбаева: Ел сенімінен артық не аманат керек? Осы жүкті көтермесек қызметке келудің қажеті бар ма? Әкім өз ауылында, тұрғындардың жанында болу керек. Яғни тәулік бойы бірге өмір сүруі тиіс. Мен үшін осы міндет – қасиетті борышым. Ал, отбасына келсек, балаларымның бәрі отбасылы, өз арбасы өздері сүйрей алады. Қызметтен кейін немерелеріме қараймын, әжелік міндетіме көшемін. Міне, менің ұстанымым осындай.

Бір кездері Жаңақорған ауданы Сунақата ауылдық округының әкімі, «Құрмет» орденінің иегері Азия Қыстаубаеваның өз аузынан естіген жылы пікірін қанша уақыт өтсе ұмыта алмаймын.

Әкім болу әркімнің қолынан келе бермейді. Әсіресе, қазіргі заманда. Халық сауатты, Үкімет талапты. Оның үстіне әйелдің шаруасы шашетектен ғой. Менің қолымда енем бар. Үлкен кісінің жағдайын жасау әрқашан келінге сын. Мен қызметте әкіммін, үйде келінмін, балаларыма анамын, немерелерге әжемін. Осының бәріне үлгермесем несіне әйелмін, – деген еді.

Осы Жаңақорғанда Эльмира Бердалиева да  Қандөз ауылының әкімі болды.

Көршілес Шиелі ауданында бір шоғыр әйел-әкім бар екенін білдік. Атап айтқанда, Әтіргүл Шорабаева, Әлия Нұрманова, Шәмшат Оразымбетова, Гауһар Құлмырза, Фарида Жәнібекова, Қазима Дүрімбетова, Ұлмекен Назарбекова ел сенімін арқалаған аруларымыз.

Біздің мақсат – әйел-әкімдердің атын атап, түсін түстеу емес, олар нәзіктігіне, сұлулығына, тәтті қылығына қарамастан ерлерше еңбек етті. Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне өз үлестерін қосты. Бүгінде жақсылардың аты ардақталып, есімдерін ел ерекше елейді.

Қаныбек Әбдуов
Бөлісу: