Қызылордада енесінің атынан несие алған келін сотталды

5 Қараша, 07:34 1576

Қызылорда облысында күйеуінің ата-анасының атынан алаяқтық жолмен несие алған келіншекке қатысты сот  үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат  агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Қызылорда қаласының №2 сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1),4)-тармақтарымен сотталушы Е.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы Е. ұялы телефонындағы мобильді қосымшасы арқылы қайын атасы мен енесінің ақпараттық жүйеден бейхабар екенін, қарттық жасын пайдаланып, бейнекамераға түсіру арқылы есепшоттарына заңсыз кіріп, ұялы телефонындағы «Halyk bank» мобильді қосымшасы арқылы қайын атасы Ж.-ның атынан 4 626 167 теңге, енесі К.-нің атынан «Kaspi. kz» мобильді қосымшасы арқылы заңсыз кіріп, 2 190 000 теңге мүліктік несиелер рәсімдеп, оны ақшаға айналдырып, бас пайдасына жаратқан, - деп жазылған облыстық сот хабарламасында.

Нәтижесінде, жәбірленушілер Ж.-ға 4 626 167 теңге, К.-ге 2 190 000 теңге мүліктік шығын келтіргені белгілі болды.

Сотталушының қылмыстық әрекеті өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, жәбірленушілердің жауаптарымен, банктік анықтамалармен, аударым түбіртектерімен және іс бойынша басқа да құжаттармен дәлелденген. Сотталушы Е. мен жәбірленушілер Ж. және К. арасында кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасалған.

Басты сот талқылауында жәбірленуші Ж. сотталушы Е.-ден 4 626 167 теңге залалды өндіруді сұраған, ал жәбірленуші К. талап қоюдан бас тартқан.

Сот үкімімен сотталушы Е. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1), 4)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген.

Азаматтық жауапкер Е.-ден азаматтық талапкер Ж.-ның пайдасына 4 626 167 теңге өндірілген.

Зарина Арман
Бөлісу: