Қызылордада 150 отбасы баспаналы болды

28 Мамыр, 05:19 667

Қызылорда облысы Тасбөгет кентінде 150 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көпқабатты екі үйдегі баспана кілттерін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың табыстады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында «Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш» деп ерекше тоқталған болатын. Президентіміз халықты тұрғын үймен қамтуға айрықша мән беріп, мемлекет шын мұқтажға жәрдем жасайтынын үнемі айтып келеді. Осындай қолдаудың арқасында кейінгі жылдары еліміздегі тұрғын үй құрылысының қарқыны толастаған емес. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғын өз үйіне қоныстанды,-деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, халықтың жайлы өмір сүруінің басты алғышарты – баспанамен қамту жұмыстары биыл да жалғасуда. Бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1 269 пәтерлік 67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 950-дей пәтер облыс орталығына тиесілі.

Жыл басынан бері 462 отбасы қоныс тойын тойлады. Бүгін 150 отбасы баспана бақытына кенеліп, жаңа тұрғын үйлердегі әр пәтер қуаныш пен шаттыққа, балалардың күлкісіне толады. Бұл – әлеуметтің әл-ауқатын арттырудағы мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Рәсімде Индира Кенжетаева қоныстой иелері атынан қуанышын жеткізіп, мемлекет және қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев ақ батасын берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кент тұрғындары мен құрылысты сапалы салуға атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.

Айта кетейік, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы өткен жылы тамыз айында басталған еді. Жаңа пәтерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалаларға табысталды.

Перизат Саденова
Бөлісу: