Қызылорда тұрғынның ауласынан 22 келіге жуық есірткі тәркіленді

21 Тамыз 2023, 17:05 963

Қызылорда облысында тұрғынның ауласынан 22 келіге жуық есірткі тәркіленіп, жойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қызылордалық полицейлер “Қарасора – 2023” және “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Сырдария ауданы, Бесарық ауылы тұрғынының мал қорасынан ірі есірткі алқабын анықтап, күдіктіні ұстаған.

Жедел-тергеу тобымен тексеру барысында құрамында есірткі бар өсімдіктердің 35 түбі анықталды. Полицейлер оқиға орнынан ірі есірткі алқабынан бөлек, ұсталған азаматтың жеке заттарын, сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар: шланга, күрек, кетпен тәркілеген. Сараптама қорытындысына сәйкес, 35 түп сораның жалпы салмағы 22 келіге жуық болып шыққан.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабы 2–бөлігіне (Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті және қылмыстық істі прокурорға жіберу) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Равиль Ашығали
Бөлісу: