Облыстық әкімдік мәліметінше, биылғы 6 айда Қазалы ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық орындалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жыл басынан 3 326 тонна ет, 8 748 тонна сүт және 804 мың дана жұмыртқа өндірілді. Осылайша, ет өндірісі 102,3 пайызға, сүт 101,3 пайызға және жұмыртқа өндірісі 92,5 пайызға орындалған.
Аудан шаруашылықтары 17 377 гектар жерге егін екті. Негізгі дақыл — күріш 6450 гектар, бақша 1115 гектар, көкөніс 950, картоп 315, мал азықтық дақылдары 6876 гектар жерге егілді, - делінген мәліметте.
Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты биік жердегі күріш егісінің көлемін қысқартып, әртараптандыру бағытындағы дақылдарды ұлғайтуға ерекше мән берілді. Атап айтқанда, жаздық бидай 81 гектарға, арпа 52, картоп 15, көкөніс 50, бақша 65, сүрлемдік жүгері 15 гектарға артық егілді.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес бақша-көкөніс дақылдары жоспардан тыс қосымша 130 гектар жерге егілді.
Есепті кезеңде ауданнан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Нидерланд елдеріне 3539 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері (2421 тонна күріш, 557 тонна балық, 561 тонна қамыс) экспортқа шығарылды.