Су ресурстары және ирригация министрлігі Қызылорда облысына жаңадан су қоймасы мен каналдар салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, 2 су торабы мен 4 гидротехникалық құрылысқа реконструкция жасалады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында жалпы ұзындығы 232 шақырымға жуық 5 каналда суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орната отырып, су жинау станцияларын реконструкциялау жобасы іске асырылып жатыр. Оған қоса, ұзындығы 2600 шақырымнан асатын 16 магистральдық және шаруашылықаралық арналарды автоматтандыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Облыста су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша да жұмыс жалғасуда. Өткен жылы Қызылорда облысының шаруалары су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде 200 млн текше метрге жуық су үнемдеді.
Көршілес елдермен екіжақты және үшжақты келіссөздер мен қабылданған шешімдердің нәтижесінде 2024 жылы Шардара су қоймасына 15 млрд текше метрден астам су келді. Оның 4,8 млрд текше метрі суару кезеңінде, ал 10,3 млрд текше метрі вегетацияаралық кезеңде жиналды. Қаратерең су бекеті арқылы Солтүстік Аралға 2,6 млрд текше метр су жіберілді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы Аралға бар болғаны 816 млн текше метр су жіберілген еді, – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аймақтың су шаруашылығы өкілдерімен кездесуде.