Қызылорда облысында 100 жасқа толған соғыс ардагері баспаналы болды

14 Қаңтар, 18:22 1189

Қызылорда облысында Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергенов ақсақалға баспана тарту етілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап. 

Аймақ басшысы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевпен бірге абыз ақсақалды 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, Сыр жұртшылығы атынан 3 бөлмелі пәтер сертификатын табыстады. Жаңа баспана Қазалы ауданында салынған екі пәтерлі үйлерден берілді.

Майдангер өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, береке-бірлік бар жерде ғана істің алға басатынын айтты. Ел азаматтарына ақ батасын берді.

Ғасыр жасаған қарт Тілеуберген Тобабергенұлы Қазалы ауданының №2 ауылдық кеңесіне қарасты Жамбыл колхозында 1924 жылы дүниеге келген. 1942 жылы майданға алынып, 291-атқыштар полкі құрамына жіберілген. Беларусьті, Польшаны, Чехословакияны, Калининград қаласын жаудан азат етуге қатысқан. Бас қолбасшының «Алғыс хатын» алып, «Кенигсберг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Жансая Әділбек
Бөлісу: