Қызылорда мектебінде 200 келі бауырсақ әзірленді

20 Наурыз 2023, 14:53 965

Бауырсақ пен көже party, ұлттық ойындар сайысы және мерекелік ән шашу – Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамын Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектеп сән-салтанатымен атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мектеп оқушыларын, ұстаздарын және ата-аналарын бір Шаңырақ астында  ұйыстырған береке мен бірлік мерекесі дәстүр бойынша бауырсақ party-ден бастау алды. Аналар қауымы 200 келі ыстық нан әзірлеп, шаңырақтар дастарханына үлестірді. Сонымен қатар, 49 күлше қала тұрғындарына таратылды. 

Наурыздың ұлттық асы – дәмді көже қайнап болғанша ерлер қауымы ұлттық ойындарда ерек ынтымақтастықтарын көрсете білді. Ләңгі тебу, қол күрес, гір тасын көтеру және арқан тарту секілді сайыстарда сынға түсіп, мықтылығын дәлелдеді.

Наурыз мерекесінде қайырымды іс жасау салты да назардан тыс қалмады. Бұл күні оқушылар әзірлеген сусындар, жатақхана тәрбиешілері мен шәкірттерінің қолөнер бұйымдары саудаланып, түскен қаржы денсаулығында ақауы бар балаға көмек ретінде берілді. 

Мектепішілік наурыз-думан әрі қарай өнерлі оқушылар мен ата-аналар ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты. Барша түркі халықтарының ұлттық биі мен әні шырқалған шарада ырыс пен ынтымақ, береке мен молшылық тілектерін сыйлады. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері  мектеппен тығыз байланыста жұмыс жасайтын «Атамекен» балалар ауылының тұрғындары  мен «Сәулем-ай» әжелер ансамблі өз шығармашылықтарынан сый тартты.  

Шаңырақтардың мерекелік дастарханында оқушылар Наурыз мерекесінің тарихы мен дәстүрі туралы ата-аналарының әңгімелерін тыңдап, мерекені көңілді өткізді.

EL.KZ
Бөлісу: