Қызметінен босатылған Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтар өз арнауын айтты

19 Мамыр, 11:22 14084

Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев барша маңғыстаулықтарға алғыс айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы әкім телеграмдағы өңір әкімдігінің чатында жазба жариялады. 

Құрметті маңғыстаулықтар, қадірлі жерлестер! Өздеріңізбен бірге өңіріміздің дамуы мен игілігі үшін жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Үш жылға жуық уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маған Маңғыстау облысын басқаруды тапсырды,  осы үлкен сенімі үшін Президентімізге рахмет айтамын. Маңғыстаудағы қызметім барысында әрдайым Президентіміздің қолдауына ие болып, білімімді, кәсіби, өмірлік тәжірибелерімді, біліктілігімді өңірдің дамуына жұмсадым. Менің барлық жұмысым Сіздердің көз алдарыңызда болды, өздеріңізбен түрлі мәселемен жиі жүздестік, келісіп отырып қажет шешімдерді қабылдадық. Атап айтқанда, өндіріс орындарын, шаруашылықтарды, тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету, МАЭК-тің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңарту, негізсіз бөлінген жер телімдерін қайтару және заңсыз құрылыстармен күресу бағытында, т.т. ауқымды жұмыстар атқарылды, - деді ол.

Шенеунік сонымен бірге, әріптестеріне алғыс айтты. Ол үш жыл ішінде басшылық құраммен бірлесіп жұмыс істеу өз нәтижесін бергенін алға тартты. 

Осы үш жыл ішіндегі облыс игілігі үшін бірлескен нәтижелі еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Әріптестеріме, әр деңгейдегі депутаттық корпусқа, барлық кәсіпорындар ұжымына, жастарға, қоғамдық және этномәдени бірлестіктерге, құрметті ардагерлерге – барша маңғыстаулықтарға шынайы алғысымды білдіремін! Ашық аспан астындағы мұражай атанған осынау киелі өлкеде өткен кезең менің  жүрегімде жылы естелік болып мәңгі сақталады. Маңғыстау - экономикасы нық, даму әлеуеті зор өңір. Ең бастысы өз елін сүйетін, оның гүлденуі үшін барын салатын рухы биік халқы бар. Сіздерге барлық жақсылықты тілей отырып, табыс пен жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге шын жүректен тілектеспін! , деді Нұрлан Ноғаев.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: