Қытаймен шекарада электронды кезек жүйесі іске қосылды

23 Қараша 2022, 13:49 1504

«Достық» автомобиль пунктінде электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесі пилоттық іске қосылады

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Достық» автомобиль пунктінде бүгіннен бастап электрондық жүйенің пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz.

«Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, 2022 жылғы 23 қарашадан бастап Қытаймен шекарада «Достық» автомобиль өткізу пунктінде электрондық жүйенің пилоттық жобасын іске қосуды жоспарлануда. Ол үшін мемлекеттік органдар Қазақстаннан шыққан кезде автомобиль көлік құралдарын өткізуді ұйымдастырудың уақытша схемасын бекітті. Бүгіннен бастап мұнда Qoldau.kz платформасының немесе «Сargoruqsat» мобильді қосымшасының автоматтандырылған электрондық кезек жүйесі пайдаланылатын болады», - деді Бақытжан Слямов.

Электронды кезек жүйесін құрудың мақсаты көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың өткізу пунктіне кіру кезектілігін қалыптастыру процесінің ашықтығы мен цифрландырылуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Жүйені Қаржы министрлігінің "Ақпараттық-есепке алу орталығы" АҚ мамандары әзірледі. Бұл жүйе барынша ыңғайлы және ашық болып табылады, жүргізуші көрсетілген порталда немесе мобильді қосымша арқылы тіркелгеннен кейін жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Бұл ретте жүргізуші өз кезегі туралы SMS-хабарлама алады», - деді ол.

Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша мемлекеттік шекараның барлық периметрі электрондық кезек жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда екенін айтты.

«Шекарадан өтуге байланысты жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылаудың көптеген түрлері орталықтандырылатын болады. Тауарлар мен көлік құралдарын шығару туралы шешім орталықта және шектеулі уақыт аралығында қабылданады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша толыққанды бақылау және азайту үшін жасалады. Өткізу пункттерін жаңғырту және электрондық кезек жүйесін енгізу аяқталғаннан кейін өткізу пункттерінің барлық инфрақұрылымдық мәселелері шешіледі. Шекарадан өтудің қолайлы болуына және бақылауды жеделдетіп жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалады», - деді Бақытжан Слямов.

Миражан Махан
Бөлісу: