Қытайға 205 дана ақбөкен мүйізін алып кетпек болған азамат ұсталды

15 Наурыз, 09:23 757

Жол талғамайтын көліктің жүргізушісі қосалқы дөңгелекте 205 дана ақбөкен мүйізін алып өтпек болған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінде мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылдың 13 наурызында Қытаймен шекарада кедендік бақылау кезінде Жетісу облысы бойынша «Қорғас ХШЫО» кеден бекетінің лауазымды тұлғалары және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, «Toyota» автокөлігін басқарған Қазақстан Республикасының азаматы «С» кедендік бақылаудан қосалқы дөңгелекте жасырылған «киік мүйіздері» анықталды. Заң бұзушылық жүргізушімен әңгімелесу және көлік құралын тексеру барысында анықталды.

Бұл көлік Қазақстан Республикасынан «Қорғас ХШЫО» АЭА аумағына келе жатқан.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген процессуалдық әрекеттер жүргізілуде.

Мұндай әрекет үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-1-бабында «Киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту» қарастырылған.

Айта кетейiк, «Қорғас ХШЫО» 2023 жылдың 24 сәуiрiнен бастап жұмыс iстейдi. Ашылған күннен бастап кеден органдары жүргізген іс-шаралардың нәтижесінде кеден заңнамасын бұзудың 797 фактісі анықталып, 134 әкімшілік іс қаралып, 40,5 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді. Бұзушылықтардың ішінде:

- ​тауарларды жалған декларациялау 181 фактісі (тері бұйымдары, ұялы телефондар, телефон аксессуарлары);

-  жеке пайдалануға арналған тауарларды декларацияламаудың 188 фактісі;

- жалпы сомасы 2,8 млн АҚШ долларын құрайтын декларацияланбаған құражатты тасымалдау әрекетінің 172 фактісі.

-  халықаралық пошта жөнелтілімдерін тасымалдау тәртібін бұзудың 256 фактісі бар.

Сондай-ақ, сот шешімімен тәркілеу туралы мемлекет кірісіне мыналар тәркіленді:

-Volkswagen, Toyota Ipsum көлік құралдары;

- 912 блок әр түрлі маркалы темекі өнімдері.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: