Қытайда жаңа коронавирус анықталды

Кеше, 16:45 483

Қытайлық вирусологтар жарқанаттардан адамға COVID-19 сияқты жұғатын жаңа коронавирусты анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Зерттеушілердің айтуынша, жаңадан анықталған вирус коронавирустың жаңа түріне жатады және HKU5-CoV-2 деп аталған. Бұл вирус Гонконгта жапон жарқанатынан табылған. Ғалымдар HKU5-CoV-2 вирусының адамның AСЕ2 рецепторымен әрекеттесу мүмкіндігін анықтады, бұл оның адамға жұғу қаупін білдіреді. Дегенмен, мамандар вирустың адамдарға тарау қаупі қазіргі уақытта төмен екенін атап өтті. Соған қарамастан, зерттеушілер вирус қаупін толық бағалау үшін зерттеу жұмыстарын жалғастыруды ұсынды.

Зерттеу жұмысы Гуанчжоу зертханасында Қытай ғылым академиясының, Ухань университетінің және Ухань вирусология институтының ғалымдарының қатысуымен жүргізілген. Жобаны атақты вирусолог Ши Чжэнли басқарды. Ол коронавирустарды зерттеу саласындағы еңбегі үшін ғылыми ортада "жарқанат" деген лақап атқа ие болған.

Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айында америкалық конгрессмендер екі жылдық тергеуден кейін COVID-19 вирусының зертханалық шығу тегі болуы мүмкін екенін және оның Қытайдың Ухань қаласынан тарағанын мәлімдеді. Олар өз баяндамасында COVID-19 вирусының биологиялық ерекшеліктеріне қатысты нақты дәлелдер келтірді.

Еске салсақ, COVID-19 — ауыр респираторлық инфекция, алғаш рет 2019 жылдың желтоқсанында Қытайдың Ухань қаласында анықталған. Бұл ауру әлем бойынша тез таралып, 2020 жылдың 11 наурызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жариялаған жаһандық пандемияға себеп болды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: