Қытайда ұшатын тарелканың таныстырылымы өтті

6 Маусым 2023, 13:45 2282

Бөгде ғаламшарлықтарды күтіп жүргенде, қытайлықтар бөгде ғаламшарлықтарға өздері аттанбақ. Бұл туралы cnBeta сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ол үшін қытайлық ғалымдар ұшатын тарелка ойлап тапқан. Бұл аппарат әзірге туризм саласында қолданылмақ.

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында әлемдегі тұңғыш ұшатын тарелканың таныстырылымы өтті. Көлік бөгде ғаламшарлықтар жайлы фильмдердің үлгісі бойынша жасалған. iUFO ұшуына 12 электроқозғалтқыш жауапты. Аппаратты ұшқышпен де, автоматты режимде де басқаруға болады.  

Ұшқыш тарелкада бір адамдық орын қарастырылған. Ғалымдардың айтуынша, iUFO 15 минут үздіксіз ұша алады, ал жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін арттыруға болады. Сонымен қатар 200 метр биіктікте ұшуға қауқарлы. Құрылғы үш жыл бойы құрастырылған.

Құрылғының жанында LED-жарықтандырғыштары мен қону орнын жарық етуге арналған шамдары бар. Бұл құрылғыға патент берілген. Болашақта ол жеке көлік ретінде сатылады деген болжам бар. Ұшатын аппарат туризм мен жарнамада пайдаланылмақ. Дегенмен оның әлеуеті әлі де зерттелуі қажет. Бағасы да әзірге белгісіз, - делінген дереккөз мәліметінде.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: