Қытайда қазақ композиторын еске алуға арналған концерт өтті

18 Желтоқсан 2023, 17:12 1117

Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының уағдаластықтарын жүзеге асыру мақсатында Гуанчжоу қаласында қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен қытайлық композитор Сянь Синхайды еске алуға арналған концерт өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Концертте Қазақстанның Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филармониясының симфониялық оркестрі Гуанчжоу симфониялық оркестрінің музыканттарымен және Оңтүстік Қытай педагогикалық университетінің хор тобымен бірлесіп өнер көрсетті. Сянь Синхайдың «Қазақ биі», «Амангелді», «Сары өзен туралы Кантата» сияқты танымал шығармаларымен қатар Б. Байқадамовтың хорға жазылған «Су тасушы қыз» және «Домбыра биі» шығармалары алғаш рет симфониялық оркестрмен бірлесіп орындалды.

Іс-шараға құрметті қонақ ретінде қазақ композиторының қызы Балдырған Байқадамова қатысып, ол екі композитордың шынайы достығының тарихымен бөлісті.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Сянь Синхай Алматы қаласында Б. Байқадамовтың үйінде тұрып, өзінің ең танымал «Ұлт азаттығы», «Қасиетті соғыс» және т.б. шығармаларын жазды.

Концерт Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚХР Мәдениет және туризм министрлігінің, сондай-ақ Гуандун провинциясының Мәдениет және туризм департаментінің қолдауымен ұйымдастырылды.

EL.KZ
Бөлісу: