Қытай жасанды интеллект өнімдерін жіті тексерістен өткізбек

13 Сәуір 2023, 19:32 2843

Қытайдың киберқауіпсіздік басқармасы генеративті жасанды интеллект жүйелерінің қауіпсіздігін бақылаудан өткізеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қауіпсіздік органдары мұндай шараны енгізу қажеттілігі туралы қоғамдық тыңдаулардың басталғанын мәлім етті. Басқарманың хабарламасында айтылғандай, биліктің пікірінше, генеративті жасанды интеллект қолданатын өнімдер Қытай заңнамасының қолданыстағы талаптарына сәйкес келуі керек.

Чат-боттар секілді жасанды интеллект мазмұны қоғамдық мораль нормаларына қайшы келмеуі керек, сонымен қатар мемлекеттік билікке нұқсан келтіруге, социалистік жүйені құлатуға, ел ішінде лаң салуға, сондай-ақ ұлттық тұтастықты сақтауға зиян тигізбеуі тиіс, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Заң жобасы бойынша әзірлеушілер өздері жасаған жасанды интеллекттің жұмысы мен ол жинайтын ақпараттарға толықтай жауапты болмақ. Ал билік өкілдерінің қазіргі таңда компаниялардағы генеративті жасанды интеллект өнімдерінің жұмысын қалай тексеретіні әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Қытай билігінің мұндай шешім қабылдауына түрлі сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орындауға көмек беретін Сhatgpt чат-боты әсер етуі мүмкін. Қытайда америкалық OpenAI компаниясы жасаған аталмыш бот қызметін пайдалануға ресми түрде рұқсат берілмеген. Алайда, кейбір әзірлеушілер жасанды интеллектке WeChat арқылы қол жеткізді. Қытайлық басқа да пайдаланушылар VPN және виртуалды шетелдік телефон нөмірлері чат-бот қызметін пайдаланып жүр.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: