Қыс басталғалы 1 300-ге жуық автожол учаскесі жабылды – ТЖМ

1 Ақпан, 11:40 709

Жыл сайын жұртшылық тарапынан ауа райының нашарлауына және жолдардағы көлік кептелістерге байланысты төтенше жағдайлар резонанс тудырады. Қыс басталғалы 1 300-ге жуық автожол учаскесі жабылды, оның ішінде республикалық 659, 656 облыстық және жергілікті маңызы бар учаскелер. Бұл туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жомарт Асқаров хабарлады, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты мыңнан астам ескерту жарияланды, 5 мыңға жуық СМС және «Дармен» мобильді қосымшасында хабарламалар таратылды. Құтқару бөлімшелері  9 310 адамды құтқарып, эвакуациялады, оның 414-і балалар. Қар құрсауынан 1 232 бірлік техника шығарылды. Жолдардың жабық учаскелеріне арнайы техника жұмылдырылып, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қатарынан бекеттер қойылды, - деді ол.

Жомарт Асқаровтың сөзінше, төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің Ахуалдық орталығында Республикалық жедел штаб жұмыс істейді. Оның құрамына Ішкі істер, Энергетика, Көлік, Экология және геология, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдері кіреді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: