Қырық жыл бойы түнін ұйқысыз өткізген имам

3 Қараша 2022, 11:53 3627

30 жыл ораза ұстаған, 55 рет қажылық жасаған тақуа адам

Абу Ханифа – Ислам дінінің біздің ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан ханафи мазһабының негізін қалаған оқымысты. Абу Ханифа қазақ даласында «Имам ағзам» деген атпен белгілі болған. Қазақтар Ислам дінін қабылдағаннан осы күндерге дейін түрлі әдет–ғұрыптарын, жеті атадан бері қыз алыспайтын әдетін, қымыз, жылқы етін қастерлі тамақтарының бірі ретінде сақтай алса Имам ағзамның ілімінің арқасында болды.  

Абу Ханифаның Ислам тарихында ерекше орын алатын тұлға екендігі даусыз. Ол негізін қалаған ханафи мазһабы – төрт мазһабтың ішіндегі қалыптасуы жағынан біріншісі, қазіргі кезде ең көп таралғаны. Мадақтаушылар Имам ағзамды пайғамбарлар, нәбилер деңгейіне көтеріп, оның аты Тауратта айтылған, Пайғамбардың (ғ.с.) өзі оның атын атаған, «Ислам үмбетінің шамшырағы» – деп дәріптесе, қарсыластары қарама–қарсы пікір ұстанған.

Абу Ханифаның өмірі мен ғылыми жолын терең зерттеген ғалымдар Ұлы Имам төңірегінде кереғар пікірлердің болуының басты себебі – Абу Ханифаның фиқһ жолы – ол өзі негізін қалаған ғылыми мектептің ауқымынан шығып, сол кезде Мауранаһр мен Андалусия арасындағы орасан зор мұсылман иеліктеріне кең тарағандығынан дейді. Әрине, оның пікірлері кейбір жерлерде қолдау тапса, кейбір жерлерде қабылданбады.

Мәтін шеңберінен сыртқа шықпайтындар Абу Ханифаның пікірлерін бида (дін бұзу) санап, оны діннен шыққан деп қатты сынға алды. Абу Ханифаны зиндиқ («кәпір» – Алла, оның пайғамбары мен шариғатын қабылдамайтын адам, ал «зиндиқ» – өзінің сондай екенін жасыратын екіжүзді адам), дінді бүлдірген, сүннеттен шығып қана қоймай оған қарсы болған, ақидат бойынша негізсіз пәтуалар берген деп айыптап, оның пікірлерін зерттемей, дәлелдерін есепке алмай жала жапқан, діншілдігіне, иманына шек келтіріп, жеке басына, намысына тиіскен. Абу Ханифаға қарсы осындай арандатушылық әрекеттер оның көзі тірі кезінде басталған. Ғалымның қарсыластары оның дәлелдерін білмей тұрып қызыл тілге ерік берген. Мысал ретінде, Абу Ханифаның замандасы Шам елінің фақиһі: «Куфадан шыққан, лақап аты Абу Ханифа деген дінге бида енгізуші ол кім өзі?» – деп оған сырттай астамшылықпен қарағанымен, кейін онымен Меккеде кездесіп екеуі ұзақ сұхбаттасқан соң: «Астағфиралла, үлкен қателік жасаған екенмін, мұндай терең білімді, ақылды адамды кездестірмеппін. Ол туралы маған жеткен сөздерден ол мүлдем басқаша адам екен», – деп, шәкірттерін Абу Ханифадан үйренуге шақырады. Бұл Абу Ханифаның белгілі бір қорытынды жасағанда басшылыққа алған негіздерін, оның дәлелдерін білмей тұрып оған асығыс үкім шығарғандықтың бір мысалы.

Осы заманғы ғалым имам Шарани: «Мен Абу Ханифаның және оның шәкірттерінің ғылыми жолын өте мұқият зерттедім. Осы зерттеулердің негізінде бұл ұлы ғұламаның еңбектері Құран аяттары, хадистер мен сахабалардың бірауызды пікірлеріне негізделгеніне көзім жетті. Исламның Имам Малик, Имам Шафии, Имам Ханбали секілді ұлы ғұламалары Абу Ханифаның еңбектеріне өте жоғары баға берген. Осы тұрғыдан алғанда Ұлы Имамның еңбектеріне лайықты баға бере алмаған «ғалымсымақтардың» сөздері түкке тұрмайды. Сол сын айтушылардың жұмыстарын Ұлы Имамның жұмыстарымен салыстыру – мектеп оқушысының жазбасын профессор жұмысымен салыстырумен тең. Егер олар «жұлдыздар» болса, Абу Ханифа ғылым көгіндегі күнге тең. Абу Ханифаның жарығынан «жұлдыздар» мүлдем көрінбей қалады», – деп жазады. 

Куфаның бас мешітінде Абу Ханифаның құтпасына бір мың төңірегінде тыңдаушылар, оның ішінде ғұлама атағы бар адамдар да қатысып отыратын.

Имам ағзам таңғы намазды мешітте оқитын. Түске дейін шәкірттерімен болып, олардың сұрақтарына жауап беретін. Түскі намаздан соң намазшамға дейін құтпаларын оқиды да үйіне қайтып, біраз демалатын. Одан соң мешітке қайта келіп, таңғы намазға дейін ғибадат жасайтын. Имам ағзам 40 жыл бойы түндерін ұйқысыз өткізіп, таңғы намазын кешкі намаз алдындағы ғұсылмен оқыған, 30 жыл ораза ұстаған, 55 рет қажылық жасаған тақуа адам.

Имам ағзамның басты ізбасарларының бірі Абу Юсуф: «Имам өте діндәр және тақуа адам. Алла тыйым салғаннан аулақ жүріп, себепсіз сөйлемейтін, әрдайым ойланып жүретін. Сұрақтың жауабын білсе ғана оған жауап беретін. Абу Ханифа өте мырза, сақи адам, кеңпейілді мұсылман еді және ешкімді басқадан артық қоймайтын, біреуді артық көретіндігін көрсетпейтін. Бос әңгіме айтылатын жиындарға барудан сақтанатын. Имам біреу туралы өсек айту немесе жамандау дегеннен алыс болған. Сондықтан айналасындағылар туралы тек жақсы сөздер айтатын. Абу Ханифа бізге дәріс берген пәнді жан–жақты және терең білетін. Ол бойындағы білімді адамдарға жеткізуден аянған емес. Біздің Имам білімді таратуда қандай сақи болса, мұқтаждарға көмектесу мен садақа беруде де сондай мырза еді», – деп жазады.

Имам ағзамының әкесі ерте қайтыс болғанымен, анасы ұзақ жасаған адам. Имам анасын асқан құрметпен бағып–күткен. Алайда анасы Абу Ханифаны көпке дейін бала санаған. Түрлі сұрақтарына баласының берген жауаптарына: «Сенің беделің жоқ, сенің сөзіңді пәлен деген діндар қуаттаса ғана қабылдаймын», – дейтін. Анасы дінге қатысты сұрақтарына Куфаның атақты уағызшысы Амр деген молдадан ғана жауап алады. Ол баласын соған жұмсап жауабын әкелуді талап ететін. Ал Имам анасының сөзін жерге тастамай ол жұмсаған адамға баратын. Оның таңғалғанына: «Анамның бұйрығы осылай еді», – деп айтатын. Кейін анасы молданың алдына алып баруын талап ете бастайды.  Молданың аузынан сұрақтарына жауап алғанда көңілі көншитін әдеті болады. Молда кейбір сұрақтарға жауап таба алмай Имам ағзаммен алдын–ала ақылдасып алатын да жағдайлар орын алған.

Анасының көзі тірі кезінде Имам ағзам үкіметтік мансаптан бас тартқаны үшін дүреге жығылады. Абу Ханифаның кәрі шешесі бұл жағдайды естігенде көзіне жас алып, қатты мұңаяды. Сонда Имам ағзам: «Таяқтан гөрі анамның көз жасы маған қатты батты», – деген.

Абу Ханифа өсек–аяң, жел сөздерден аулақ болуға тырысқан және сондай күнәдан азат еткені үшін Аллаға тәуба деп отыратын. Бірде шәкірттерінің бірі: «Имам, сіз туралы көп жаман сөздер айтылады, алайда сіз ешкім туралы тіс жарып бір сөз айтпайсыз?» – деп сұрағанда Имам ағзам: «Бұл Алланың рақымшылығы. Ондай қасиетті Алла тек сүйген құлдарына ғана береді», – деп жауап берген. Ұлы ғалым ант ішу дұрыс емес деп санаған және өзі ешқашан ант ішуге бармауға тырысқан.

Бірде Абу Ханифа кездейсоқ кішкентай баланың аяғын басып кетеді. Сонда бала: «Сен Алладан қорықпайсың ба?» – дегенде Имам құлап қала жаздайды. Қасындағылар оны демеп кетіп, кішкентай баланың сөзі неге сонша сізге әсер етті деп сұрағанда, Абу Ханифа: «Кім біледі, мүмкін бұл ғайыптан келген ескерту шығар», – деген екен.

Бірде Абу Ханифа өзінің сауда дүкенінде отырғанда қызметшісі: «Иншалла, пейішке кіреміз», – деп қалады. Бұл сөзді естіген Абу Ханифаның көзінен жасы ағып, өзін–өзі тоқтата алмайды. Қызметкерге: «Бара бер, тек есікті сыртынан жауып кет», – деуге шамасы келеді. Ертеңіне Абу Ханифа дүкенге қайта келіп, сол сөзді айтқан қызметшіге: «Біз кімбіз пейішке түсуді ойлайтындай? Алланың қаһарына ұшырамасақ жеткілікті емес пе?» – дейді. Осы орайда ол халифа Омардың: «Мақшар күні Жаратқан мені жазаламаса мен өзімді бақытты сезінетін едім», – деген риуаятты мысалға келтіреді.

Сонымен қатар, Абу Ханифаның адал, шыншыл, сенімді сауда жүргізу ісімен де аты шығады. Абу Ханифаның әкесі оның буыны бекімей тұрғанда қайтыс болып, шешесінің тәрбиесінде өсіп ер жетеді дедік. 16 жасында әкесімен қажылыққа барады. Сонда халық ортаға алған бір шейхті көріп әкесінен, оның кім екенін сұрайды. Әкесі оның Пайғамбардың (ғ.с.) досы екендігін, одан естіген хадистерін баяндайды деп айтқанда оның қасына жақын барады. Сол шейхтің аузынан: «Алланың елшісі (ғ.с.) кім Алланың дінінде фиқх айтса оның тілегені болады, ризықты күтпеген жерден алады», – деген хадисті естиді.

Бұл кезеңде Абу Ханифаның күнкөріс көзі әкеден мирас болып қалған жібек саудасы еді. Ол әдетте таңғы намазға дейін базардағы сауда дүкеніне кіріп шығатын. Сенбі күні мәжіліс немесе базарға бас сұқпай, үйінде жеке істерімен айналысып, ал жұма күні жақын адамдарын шақырып, мол дастархан жаятын әдеті болған. Тарихшылар бір ауыздан Абу Ханифа өмірінің соңына дейін сауда істерімен қоса айналысып отырған, оның сауда істерін сенімді саудагердің жүргізуі Абу Ханифаға негізгі уақытын фиқһ іліміне бөлуіне жағдай жасаған дейді. Сол кезеңде сауда мен ғылымды қоса жүргізген ғалымдар кездеседі. Мысалы, Абу Ханифаның замандасы, ол да маула арасынан шыққан, мутазилиттердің шейхі Уасил бен Ата да сенімді адамы жүргізген сауда есебінен күн көрген. Сондықтан Абу Ханифаның екі кәсіптің басын табысты біріктіруі сол заманда табиғи нәрсе еді.

Абу Ханифа өмірін зерттегендер оның саудагер ретінде адамдармен қарым–қатынастары төрт сипатқа ие деп көрсетеді. Біріншісі, оның көңілі дархан, кең, мырза. Себебі ол дәулетті отбасында ержетіп, мұқтаждық көрмеген адам. Екіншіден, аманатқа адал, ешқашан қиянат жасамаған және бұл істе өзіне өте қатал. Үшіншіден, кешірімді, мейірімді. Төртіншіден, өте діндар, тақуа, ғибадатқа ерекше көңіл бөлген, күндіз ораза тұтып, түнде ұйықтамайтын.

Осы қасиеттерді сауда істерімен айналысып жүрсе де бойына сіңіре біледі. Абу Ханифа осы ерекше сипаттарының арқасында саудагерлер арасында арпа ішіндегі бір бидай секілді көрінетін. Сондықтан көп адамдар сауда ісінде оны Абу Бакр шыншылға ұқсататын. Абу Ханифаның саудадағы іс–әрекеті Абу Бакрдың өмірінің хикаясы, соның жолын еске түсіру секілді еді дейді олар. Абу Ханифаның сатып алуы сату секілді болатын. Бірде бір әйел сатуға қымбат жібек көйлек алып келіп, 100 дирһам сұрайды. Абу Ханифа жібек жүзден артық көрінеді, қанша сұрайсың дейді. Әйел бірте–бірте 400–ге дейін көтереді. Сонда Абу Ханифа жібек бәрібір артық көрінеді дегенде, әйел мені мазақ етіп тұрсың ба дегенде, қазір келіп сатып алып кетеді дейді. Шынында, бір адам келіп қымбат жібек көйлекті 500 дирһамға сатып алып кетеді.

Жалпы сауда адамының барынша пайда түсіру ниеті Абу Ханифаға жат қылық еді. Ол кей кездерде сатып алушы жағдайы төмен адамдар немесе жақындары болса, оларға тауарды үстеме пайдасыз сатып жіберетін. Бірде жағдайы төмен әйел келіп, маған аманатқа көйлек сат, кейін төлейін дегенде, ол бір көйлекке 4 дирһам ғана сұрайды. Сатып алушы: «Мен кәрі адаммын менімен олай ойнама», – деп ренжігенде, мен сатып жіберген басқа көйлектердің бағасы сен алайын деп тұрған осы көйлектің бағасын 4 дирһам етіп тұр дейді.      

Соған қарамастан сауда істерінде Абу Ханифа өте сақ, күнә деген күдік туғызатын сауда істерінен аулақ жүруге тырысқан.  Күдігі болған жағдайда түскен пайданы садақа ретінде мұқтаждарға таратып беретін. Бірде Абу Ханифа өзінің сауда істерін жүргізетін Хафс бин Абдурахманға тауарлар жіберіп, оның ішінде біреуінің ақауы бар екендігін сатып алушыға айтуды тапсырады. Алайда сатушы оны ұмытып кетіп, оны кім сатып алғанын да есте сақтамайды. Сонда Абу Ханифа сол барлық тауардың құнын садақа етіп үлестіреді. 

Сауда істеріндегі ұстамдылығы, халал пайда табу оның дәулетті өмір сүруіне мүмкіндік береді. Ол саудадан түскен пайданың көпшілігін машайықтар мен мухаддистерге  жұмсайтын. «Тариху Бағдад» кітабында: «Абу Ханифа жыл сайын жиналған пайдаға шейхтер мен мухаддистерге азық–түлік, киім–кешек және басқа да қажеттерін сатып алып беретін. Қалған динарларды «Өздерің қажет тапқан заттарға жұмсаңдар, Алладан басқа ешкімге мақтау айтпаңдар. Мен Алланың арқасында дүниемнен сендермен аздап бөлістім деп беретін», – деген жолдар бар. Абу Ханифа саудадан түскен пайданың көбісін саналы түрде ғұламалардың ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін, олардың қажеттіліктерін өтеуге, жоқтарын жабуға жұмсайтын.

Бұған дейін Имам Абу Ханифаның өмір жолы туралы мақаланың бірінші,  екінші бөлімі және үшінші бөлімі жарияланған болатын.

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Қайрат Сәки
Бөлісу: