Қырғызстан Парламентінің депутаттары салт-дәстүрлер, рәсімдер мен мерекелерге кететін артық шығындарды шектеу мақсатында арнайы заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қоғамдық талқылауға шығарылған құжат отбасылық іс-шараларды реттеуге бағытталған. Онда келесі шектеулер ұсынылған:
- Жерлеу кезінде ұсақ мал, жылқы немесе ірі қара союға тыйым салынады.
- Марқұмды жерлегеннен кейін үш күн өткен соң, бір жылқы немесе ірі қара мал сойып, ас беруге ("Құран оқу") рұқсат етіледі.
- 3 күн, 7 күн, 40 күндік және жылдық ас беру рәсімдерін өткізуге тыйым салынады.
- Тойға 250 адамнан артық шақыруға болмайды, ал бір сиыр немесе жылқы союға рұқсат беріледі.
- "Қыз ұзату" рәсімінде бір сиыр немесе жылқы сойылып, 100 адамнан артық қонақ шақыруға болмайды.
- Үйлену тойы мен қыз ұзату бірге өткізілсе, бір сиыр немесе жылқы союға және 350 адамға дейін шақыруға рұқсат етіледі.
- Үйлену кортежінде үш көліктен артық болмауы тиіс.
- Салт-дәстүрлерді орындау кезінде "киіт кигізу", "себет беру", "қонақ беру" сияқты қосымша шығындарды ұйымдастыруға тыйым салынады.
Заңды бұзған жағдайда той иесіне 300 мың сом, ал шара өткізілген мекеме иесіне 100 мың сом көлемінде айыппұл салу қарастырылып отыр.
Заң жобасын ұсынушылар соңғы кездері халықтың салт-дәстүріне сай келмейтін ысырапшылықтың көбейгенін, бұл отбасы бюджетін едәуір қиындататынын атап өтті. Заңның орындалуын бақылау жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы аумақтық комиссияларға жүктеледі.