Қырғызстанда мектепте телефон қолдануға тыйым салынбақ

2 Желтоқсан, 10:51 330

Қырғызстанның Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарында ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы тиісті үкімет қаулысы қоғамдық талқылауға шығарылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл шаралар білім беру процесінің бейбіт әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге, оқушылардың денсаулығын қорғауға, олардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсартуға, ұялы құрылғылармен байланысты мәселелердің алдын алуға бағытталған.

Ережеге сәйкес, білім беру ұйымына кірген кезде әрбір оқушы, қызметкер, келуші және басқа да адамдар өз телефондарын дыбыссыз режимге ауыстыруға міндетті. Оқушылар мен студенттер ұялы құрылғыларын өшіріп, оларды сыныпта немесе аудиторияда орнатылған жәшіктерде қалдыруы тиіс.

Оқушыларға байланыс құралдарын тек табиғи апаттар, адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайларда, жақын туыстарының денсаулығына қатысты хабар алған кезде, үзіліс уақытында және тиісті бұйрықпен бекітілген жоспар аясында өткізілетін сабақтар кезінде пайдалануға рұқсат етіледі.

Білім беру мекемесінде телефондарды қуаттау, бейнежазба жасау, ұялы құрылғыларды мойынға іліп алу немесе киімнің қалтасында сақтау тыйым салынады. Телефон арқылы зорлық-зомбылық, қатыгездік және порнографияны насихаттайтын бейне және фотосуреттерді көрсетуге, білім беру мекемесінің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерді, соның ішінде зорлық-зомбылық пен вандализм көріністерін түсіріп, кейін айналаға көрсетуге қатаң тыйым салынған.

Педагогтарға сабақ кезінде, егер бұл оқу процесімен байланысты болмаса, ұялы құрылғыларды пайдалануға рұқсат берілмейді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: