Қылмыстық процестегі адвокаттардың рөлі күшейтілмек

13 Наурыз, 11:22 655

Мәжілістің жалпы отырысында әділет министрі Азамат Есқараев қылмыстық процестегі адвокаттардың рөлі күшейтілетіні жөнінде айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің сөзінше, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша заң жобасында қылмыстық процестің бәсекелестігін нығайтуды көздейді. 

Осылайша, қылмыстық процестегі адвокаттардың рөлін күшейту ұсынылған, өйткені қорғаушының іс-әрекетінде бәсекелестік принципін жүзеге асырудың ерекшеліктері, ең алдымен, оның дәлелдеу процесіндегі белсенділігіне байланысты.

Қазіргі уақытта сотқа айыптаушы тарап қалыптастырған қылмыстық істер келіп түсуде, бұл өз кезегінде судьялардың іс бойынша айыптауға ой қалыптасуына ықпал етеді. Сот тараптардың өз мүдделерін қорғауда тең мүмкіндіктер мен процестік әрекеттерді қамтамасыз етуі тиіс екенін ескере отырып, адвокаттарға айыптау актісіне қарама-қарсы құжатты, қорғау актісін сотқа енгізу құқығын беру ұсынылады. Сондай-ақ қылмыстық қудалау органдары бұқаралық ақпарат құралдарында күдіктіні «жамандау» арқылы қоғамдық резонанс тудыратын және тергеу барысына әсер етуі мүмкін ақпаратты жариялай алатындықтан, заң жобасында адвокатқа сотқа дейінгі тергеудің мәліметтерін жарияламай, күдіктіге тағылған айыпты теріске шығаруды жариялауға мүмкіндік беру ұсынылады, - деді министр.

Осы тұста адвокаттың рөлі, оның ішінде сараптама жүргізу кезінде айтарлықтай күшейтіледі:

1) адвокат көшірмелерін алуға құқылы құжаттардың тізімі кеңейтіледі;
2) адвокаттың тағайындалған сараптама бойынша барлық қосымша және нақтылайтын сұрақтары дереу сарапшыға жіберіледі;
3) адвокат сараптама объектілерімен таныса алатын болады.

Ұсынылған тәсілдер, мемлекет басшысы атап өткендей, адвокаттардың рөлін күшейту туралы, оның ішінде адвокаттар кедергісіз жұмыс істеуі үшін оларға қылмыстық іс материалдарын сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелгеннен бастап сотқа жолдағанға дейін толық қатысу мүмкін алу ұсынылды. Сонымен қатар заң жобасында соттың өз бастамасы бойынша жекелеген іс жүргізу әрекеттерін тағайындау мүмкіндігін болдырмау арқылы (мысалы, тергеу судьясын сараптама тағайындау, тараптардың куәгерлерін шақыру) қылмыстық процесте тараптардың бәсекелестігі артады. Бұл айыптау мен қорғауға өз талаптарын қорғау және қарама-қарсы тараптың талаптарына қарсы тұру үшін өз құқықтарын тең дәрежеде жүзеге асыруға мүмкіндік береді, - деді Есқараев.

Айта кетейік, Мәжіліс әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Миражан Махан
Бөлісу: