Құтқарушылар жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдарға әзірлігін пысықтауда

11 Қыркүйек 2023, 19:12 1216

2023 жылғы 11 қыркүйекте елімізде Алматыдағы жойқын жер сілкінісі кезінде іс-қимылдарға дайындалу және оларды пысықтау бойынша «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-жаттығудың мақсаты – мемлекеттік органдар мен азаматтық қорғау күштерінің жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылға дайындық деңгейін, жалпы қауіпсіздік мәдениетін арттыру, халықты төтенше жағдайларда әрекет етуге үйрету.

Ауқымды оқу-жаттығуға он министрлік пен ведомство базасында құрылған 15 республикалық азаматтық қорғау қызметі, жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар, азаматтық қорғау қызметі және ҚР ТЖМ бөлімшелері қатысуда. Сонымен қатар, оқу-жаттығуға Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан сияқты түркі мемлекеттері ұйымдары елдерінің төтенше ведомстволарының авариялық-құтқару қызметтері де қатысуда.

Жаттығудың бірінші күні жер сілкінісі қаупі туындаған кездегі бірінші кезекте жүргізілетін шаралар пысықталды. Құтқару қызметтерінің бірлескен іс-қимылдарын пысықтау және үйлестіру үшін республикалық далалық штаб орнатылды.

Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерінің функционалдық міндеттерді орындау жөніндегі іс-қимыл жоспарлары нақтыланды.

Жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жұмыстардың тәртібі мен көлемі айқындалды, төтенше жағдай енгізу, халықаралық қоғамдастыққа және қоғамдық ұйымдарға көмек көрсету туралы өтініш жасау туралы құжаттар дайындалды.

Сейсмикалық қауіпті өңірлердің тұрғындарымен сейсмикалық жаттығулар өткізілді. Зардап шеккен халықты қабылдау пункттері орнатылды. 

Сонымен қатар, ТЖ аймағына күштер топтарын ұсынуды ұйымдастыру пысықталды. Алматыда жойқын жер сілкінісі болған жағдайда ТЖ орнына еліміздің басқа өңірлерінен күштер мен құралдар жіберілетін болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: