Құсбегіліктен тұңғыш Әлем чемпионы – Серікболсын Жалғасұлы

7 Қараша 2022, 10:01 2022

Абай облысы Үржар ауданында тұңғыш рет құсбегіліктен Әлем чемпионаты өтті

Көшпенділер өміріндегі өміршең өнер, қазақ ұлтының бойына сіңген көне дәстүр – құсбегілік. Әлемде құсбегіліктің танымалдылығы артып, спорт түрі ретінде дами бастады. Оның бір дәлелі – Абай облысы Үржар ауданында тұңғыш рет құсбегіліктен Әлем чемпионаты өтті.

Әлем біріншілігін Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті ұйытқы болған бастаманы, Ұлттық спорт қауымдастығы, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы, Абай облысының әкімдігі қолдап, шығыстағы ағайын аңға түскен бүркіттің бабын байқады.

Салтанатты шарада Абай облысы әкімінің орынбасары Ш.Байбеков, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Б.Сәбитов спортшылар мен қонақтарды құттықтап, құсбегілік өнердің дамуы мен перспективалары туралы баяндады.

Әлем чемпионатына әлемнің жеті елінен 100-ден аса спортшы келген-ді. Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Ресей, Украина, Қытайдан 61 бүркіт, 20 қаршыға, 15 ителгі қатысты. Әлем біріншілігінде спортшылар «бүркіт», «қаршыға», «ителгі» бойынша сынға түсті.

Қыран құстардың бәсекесінде қазақстандық құсбегілердің бағы жанды. Атап айтқанда, «Бүркіт» бойынша бас жүлде Серікболсын Бабажанға (Қазақстан) бұйырса, екінші орыннан Өмірбек Нұман (Қазақстан) көрінді. Ал үшінші орында Өркен Бәйтілкәріп (Моңғолия) мен Байрақ Тастанбек (Қазақстан) бөлісті.

– Құсымның аты – Жанқияр. Жасы бесте. Балапан кезінен баптадым. Осы жарыстың алдында Қырғызстанда өткен «Салбурын-2022» халықаралық турниріне қатыстық. Онда бабы сай келмесе, Үржарда бабында келді. Нәтижесінде чемпион атандық. Қуаныштымын! – деді тұңғыш әлем чемпион С.Бабажан.  

«Ителгі» бойынша:

І орын – Таңат Оспанқұлов (Қазақстан);

ІІ орын –  Ерлан Сандыбай (Қазақстан) ;

ІІІ орын –  Мурат Налват (Түркия);

ІІІ орын –  Бағдат Кеуенов (Қазақстан).

«Қаршыға» бойынша:

І орын –  Бексұлтан Сейітжан (Қазақстан);

ІІ орын –  Ерасыл Серікбек (Қазақстан);

ІІІ орын –  Айшуақ Тайманов (Қазақстан);

ІІІ орын –  Салават Айбекулу (Қырғызстан).

 

Нұрлат Байгенже
Бөлісу: