Құсбегіліктен Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті

12 Ақпан, 17:00 896

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында Құсбегіліктен ересектер арасындағы ХVII Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында өткен сайыс 3 күнге жалғасты, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Чемпионатқа еліміздің 10 облысы мен 2 қаласынан келген 100-ге жуық құсбегі қатысты. Тіркеуден 61 бүркіт, 21 қаршыға, 14 ителгі өтті. Жарыстың алғашқы күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты құсбегілерге оңай соқпады. Дегенмен, саятшылар жақсы нәтиже көрсетті.

«Халқымыздың дәстүрлі аңшылығы бүгінде жаңа сипатқа ие болды. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында облыстарда іріктелген жеңімпаздар Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылында биыл төртінші рет бас қосты. Бұл чемпионаттың ерекшелігі жарыстың барлық кезеңін айқын көрсетіп тұратын электронды табло мен электронды шырға пайдаланылды», - деді Республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы.

Чемпионатты тамашалауға бүркітші қыз атанған Айшолпан Нұрғайыпқызы да келді. Аты әлемге танымал бүркітші қыз қатты жел соғып, адамдарға қолайсыздық туғызғанына қарамастан, сайыстың өте тартысты өткенін айтты.

Сонымен, сайыс қорытындысында Бүркіт құсы бойынша 1-орын Каспий атты құсымен Сармат Абдулкәрімұлына (Атырау облысы), 2-орын Атамұра құсымен Аян Сейітжанға (Алматы облысы) бұйырды. Ал 3-орынды Нарын құсымен Арман Қошқаров (Атырау облысы) пен Сонар құсымен Алан Искаков (Павлодар облысы) бөлісті.

Қаршыға құсы бойынша 1-орынды Жендет құсымен Ибрагим Базарбаев (Түркістан облысы) иеленсе, 2-орынды Көкжендет құсымен Мұрат Көдеков (Алматы облысы) алды. 3-орынға Жендет құсымен Сағыныш Байетбай (Алматы облысы) және Ұшқыр құсымен Құдайберген Рауильұлы (Астана қаласы) ие болды.

Ителгі құсы бойынша 1-орынды Самал құсымен Таңат Оспанқұлов (Қарағанды облысы), 2-орынды Ақсеңгір құсымен Ермек Иманзайып (Павлодар облысы) алды. Ал 3-орынды Қаракөз құсымен Дәурен Аршабай (Түркістан облысы) мен Жұлдыз құсымен Темірәлі Төлегенұлы (Қарағанды облысы) бөлісті.

Айта кетейік, құсбегілік биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының спорттық бағдарламасына енді. 

Чемпионат Ұлттық спорт қауымдастығы,  ҚР Туризм және спорт министрлігі,  Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы, «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Еске сала кетейік, Республикалық «Құсбегілік» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты федерациялары бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: