Құсбегі болу үшін құстың тілін меңгеру керек

22 Қараша 2022, 18:13 4458

Құсбегілік – қазақ ұлтының қанына сіңген көне мұрасы. Көшпенділер өмірінен ойып орын алатын ұлттық өнер. Әлі күнге дейін оның тәлім-тәрбиесі атадан балаға мұра ретінде жалғасып келеді. Соңғы жылдары елімізде құсбегілік өнерді ұлттық ойын ретінде дәріптеуге ден қоя бастады. Оған дәлел, жуырда өткен тұңғыш әлем чемпионаты. Баба аманатына адалдық танытып, қанға сіңген көне дәстүрді дамытуға атсалысып жүргендердің ішінде құсбегі Таңат Оспанқұлов та бар.

Ол Абай облысы Үржар ауданында құсбегіліктен тұңғыш әлем чемпионатында өзгеден оза шауып, «Ителгі» бойынша І орынды қанжығасына байлады.

Аталған чемпионатқа әлемнің жеті елінен 100-ден аса спортшы келді. Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Ресей, Украина, Қытай елдерінен 61 бүркіт, 20 қаршыға, 15 ителгі қатысты. Әлем біріншілігінде спортшылар «бүркіт», «қаршыға», «ителгі» бойынша сынға түсіп, ұлттық құрама мүшелері Қазақстанның намысын абыроймен қорғады.

Ұлттық спорт түрі «құсбегіліктен» өткен тұңғыш әлем чемпионаты саятшылық өнердің халықаралық деңгейде дамуына жол ашып қана қоймай, қайта жандануына серпін берді.

«Әлем бойынша соның ішінде, Қазақстанда өткеніне қуанамыз. Қазақстан ежелден осы құсбегіліктің Отаны деп есептеледі. Сол үшін елімізде басталғаны дұрыс болды. Ұйымдастыру жағынан чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Әлем елдерінен бірқатар құсбегілер келді. Соның ішінде бізге лайықты қарсылас болған Қырғызстан, Моңғолия, Қытай бүркітшілерін ерекше атап өткім келеді. Ұлттық спортымызды ұлықтайтын осындай шара көп болса, біз сияқты құсбегілерге үлкен тәжірибе мен серпін береді», – дейді бүркітші.

Құсбегілікті жанынан серік еткен бүркітшінің бұл алғашқы жеңісі емес. Ол бұдан бөлек бірқатар жарыста бой көрсетіп, жүлделі болды. Атап өтсек, өткен жылы Қазақстан чемионатында II орын алып, спорт шебері үміткері атанды. Алматы және Көкшетауда өткен халықаралық жарыста I және II орын иеленіп қанжығасы майланды.

Саятшылыққа қалай келгенін сұрағанымызда, бала күннен бастап осы өнерге деген қызығушылығы артқанын айтты.

«Оқушы кезден саятшылыққа қызыға бастадым. Ол уақытта бізді үйрететін бапкер болмады. Тіпті, ауыл бойынша мұндай адам жоқ еді. Өзім Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданының  Қызыларай ауылынан боламын. Кітаптан, теледидардан және газет-журналдан саятшылық туралы оқып, қатты қызықтым. Содан бастап алғашқы құсым «күйкентайды» қолға үйрете бастадым. Уақыт өте келе, «қаршыға», «лашын», «бүркіт» ұстадым. Қазір бұл өнердің нағыз маманы бодым деп айта аламын», – деді құсбегі.

Құсбегілік өнер ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайды. Тәуелсіз ел болғалы бабалардың тарихымен мақтануға, сол заманның қайсар, өжет саятшыларды айтып аңсауға құмармыз. Құсбегіліктің өресі биік. Бұл өнер ұлтымыздың ерекшелігін айқындап қана қоймай, болмыс-бітімін айшықтайды. Құсбегі, саятшының мінезінде де өзгешелік болатыны жасырын емес.

Бұл туралы саятшы Таңат Оспанқұлов бізге құсбегілердің мінезіндегі өзгешелікті айтып берді.

«Құсбегі, саятшылардың мінезінде де ерекшелік болатыны рас. Себебі, құспен тіл табысу өте қиын.  Сабырлы, төзімді болуды қажет етеді. Бауырға басқан құс бірден иесіне үйреніп кетпейді. Оны үйрету үшін белгілі бір уақыт керек. «Ит иесі үшін болса, құс тамағы үшін» деген сөз бар. Сол сияқты күнде көңіл бөліп, тамағын бергенде құс та иесіне үйренеді. Құсбегінің мінезінде жайсаңдық болады. Қазақстан бойынша осы өнермен айналысатындар саусақпен санарлық. Бір-бірімізді жете танимыз», – дейді саятшы Таңат Оспанқұлов.

Оның осы өнерде жүрген жетістігі тек қана бүркітпен байланысты емес. Әсіресе, «ителгімен» біраз асуларды асқанын және баптаудағы ерекшелікке тоқталды.

«Сұңқармен жетістігім көп. Қазір қолымда екі бүркіт бар. Бүркіт – өте мінезді құс. Ержүрек, батыл болады. Ерекшелігі көп. Өте қырағы және мықты құс. Баптау үшін бірінші тіл табысу керек. Ешқашан зекіп, ұрып-соғу сияқты амал-тәсілді мүлдем қолдануға болмайды. Жайлап үйрету қажет. Қолдан ет беріп, сылап-сыйпап, дауысқа және бейнеге үйретуден бастаса, кейін қолға шақыруға болады. Түлкінің терісіне түсіріп, оған үйренгесін үй қоянға салып кейін далаға аң аңлауға шығарамыз. Осылай қаршыға мен сұңқарды да үйретеміз. Бүркіттен сәл өзгешелік бар. Өйткені, сұңқар өте жылдам құс. Аспаннан зулап келіп тебеді, ал қаршыға жер бауырлап ұшады», – деді ол.  

Аң аңлауға бүркіттен бөлек, қаршыға, сұңқар, лашынды да қолға үйретіп, саятшылықпен айналысып жүргендер бар. Барлығы да сирек кездесетін құстар қатарына жатады. Бұл құсты ұстауға және қолға үйретуге рұқсат қағазы болуы шарт екен. Оны біз құсбегіден сұрадық.

«Құсты өз еркімізбен табиғаттан алуға рұқсат қағазы керек. Рұқсат болса да, құжаты біраз қиындық тудырады. Сол себепті, менің қолымдағы құстың бәрінде рұқсат қағаз бар. Ұшақпен ұшсақ та, пойызбен жүрсек те заң бойынша бәрі тексеріледі. Әр құстың иесі, құстың аты-жөні, мекенжайы көрсетіледі және кеудесіне «чип» салынады. Яғни, былайша айтқанда әрбір құстың туу туралы куәлігі болады деген сөз. Ешқандай заң бұзушылықұқа жол берілмейді», – дейді Таңат Оспанқұлов.

Кез келген қыран құс жер таңдайтыны белгілі. Оның ішінде, бүркіт көбіне таулы жерді мекендейді.

«Әр құстың мекендейтін ортасы болады. Бүркіт таулы жерді мекендеп қоймай, аң аулауға жазық далаға да түседі. Орманды жерде сирек кездеседі. Өйткені, ну орман ұшуына кедергі жасайды. Жоғарыдан өзінің жемтігін қарап отыратын жер қажет. Қолымдағы сұңқар, бүркіт те ұрғашы. Қыран құстың ұрғашысы ірі болып келеді. Сол үшін құсбегілер ұрғашы құсты ұстауға тырысады. Өйткені, еркегі сәл әлсіз болады», – дейді құсбегілік өнерді жанына серік еткен Таңат Оспанқұлов.

P.S. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» демекші, құсбегілік ғасырдан-ғасырға жалғасқан көне өнер. Ерте заманда жақсы бапталған қыранды бірнеше түйеге айырбастаған және халықтың басына күн туған қысылтаяң шақта, жұт кезінде қыран құс тұтас бір ауылды асыраған деген аңыз бар. Сол себепті, бұл өнердің тарихы да қасиеті де бір төбе.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: