Құрбан айт-2023: елордалықтарға санитарлық нормалардың сақталуы туралы ескертілді

27 Маусым 2023, 19:35 1278

28 маусым күні қазақстандықтар Құрбан айт мерекесін 30 маусымға дейін тойлай бастайды. Елордада құрбандық шалынатын орындар анықталды. Онлайн-брифинг барысында қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова құрбандық шалынатын орындарда малды дұрыс таңдау және сою туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Астана әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бөлінген мал сою пункттерінде санитариялық талаптардың сақталуын санитариялық және ветеринариялық қызмет мамандары қамтамасыз ететін болады. Өнімге жұмсалатын малдарды сою арнайы бөлінген орындарда жүргізіледі. Одан өзге жерлерде немесе жеке секторда мал сатуға және құрбандық шалуға тыйым салынады.

Азық-түлік мақсатында пайдаланылатын сойылу үшін жіберілетін мал ветеринариялық жағынан қолайлы шаруашылықтардан және жергілікті жерлерден жеткізілуі тиіс, - делінген мәліметте.

2023 жылғы 28-30 маусым аралығындағы мерекелік іс-шараларды өткізу кезеңінде астаналықтар арасында жаппай улануды және ішек инфекцияларын болдырмау мақсатында:

санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау;

- құрбандық шалу үшін жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындарда ғана союды ұйымдастыру және өткізу.

Мал союға арналған орындарға қойылатын негізгі санитарлық талаптар:

- сою орындарының іргелес аумағын санитарлық тазалауды, абаттандыруды және аумақтың шаң болмауын қамтамасыз ету;
- қалдықтар жинауға арналған контейнерлерді орнату;
- іс-шараны өткізу кезінде арнайы бөлінген теріні сақтау орнын ұйымдастыру, оларды теріні қабылдау пунктеріне шығаруды қамтамасыз ету;
- сумен қамтамасыз ету;
- персонал мен келушілерге арналған құрал-саймандарды санитарлық өңдеу, дезинфекциялау және қол жуу құрылғысымен жарақтандыру;
- қасапшыларды арнайы киіммен (алжапқыш, қолғап, бас киім, резеңке етік) және жеке гигиеналық заттармен (маска, қолғап, тері антисептиктері) қамтамасыз ету;
- етті сақтауға арналған тоңазытқыштардың болуын қамтамасыз ету;
- белгіленбеген жерлерде малды заңсыз сою фактісіне және ет өнімдерін рұқсат беру құжаттарынсыз (ветеринариялық анықтама немесе вет-куәлік) сатуға жол бермеу қажет.

EL.KZ
Бөлісу: