Құмар ойынға тәуелді адам емеспін. Депутат Бақытжан Базарбек казинода түскен суреттері жайлы айтты

17 Шілде 2023, 12:30 2141

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің казинода түскен суреттері әлеуметтік желіде таралып, көпшіліктің талқысына түскен. Аталған жағдайға байланысты депутат түсініктеме берді. Ол өзінің ешқашан құмар ойын ойнамағанын айтып, ақталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат тек шынайы тексерілген ақпаратқа сенуге кеңес берді. Желіде тараған сурет осыдан 7 ай бұрын, мәжіліс депутаты болғанға дейін 2022 жылдың 24 желтоқсанында Конаев қаласындағы Bellagio казиносында түсірілгенін айтты.

Мұнда біз жұбайым екеуміз танымал поп музыканттарының концертіне келгенбіз. Суреттен байқасаңыз, шырша тұр және мен қысқы жемпір киіп жүрмін. Достар, мен құмар ойынға тәуелді адам емеспін, тіпті ешқашан әуес болмағанмын, ойнаған да емеспін. Тіпті ойнамайтынымды осы суретте тұрып тұрғанымнан-ақ байқауға болады. Мұнда жұбайыммен бірге шай ішіп, қасында қарап отырғанымды аңғарасыз, – деді депутат.

Бақытжан Базарбек өзінің жер мәселелері бойынша кәсіби коммерциялық заңгер болғанын алға тартты. Бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген ол коммерциялық заңгер ретінде уақытын қалай, қайда өткізетінін өзінің жеке ісі деп санайтынын айтады. Ал парламент мәжілісіндегі депутаттық жұмысын атқарғалы 7 ай өткен соң жасырын түсірілген фотосуреттерді жария болуы кездейсоқ емес екеніне сенімді.

Жақында Мәжіліс мінберінен еліміздегі жер қатынастары мен құрылыстың ең күрделі мәселелерін көтердім. Атап айтқанда, 8 облыс әкімдігінің тұрғын үйлердің жеке құрылысын инженерлік желілермен қамтамасыз етуге бөлінген 26 миллиард теңгенің игерілмеуі және мақсатсыз пайдаланбау мәселесін қозғадым. Парламент мінберінен Үкіметтен мемлекеттік жер кадастрын ашып, барлық жер иелері мен жер пайдаланушылардың аты-жөнін жариялауды талап еттім. Үкіметтің қарсылығына қарамастан заңсыз алынған мүлікті қайтару және жайылым мәселелері туралы заң жобаларына ұсыныс енгіздім. Сонымен қатар, тағы да қарсылықтарға қарамастан, елді мекендердегі сейсмикалық, көшкін қаупі бар аймақтарда және тектоникалық бұзылыстарда жер телімдерін беруге тыйым салу және тұрғын үйлер салуға тыйым салу туралы заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс енгіздім. Бұл ұсыныстардың барлығы әкімдіктердің жосықсыз шенеуніктерінің іріктелген құрылыс салушыларға жер телімін беру үшін жасаған ұзақ мерзімді сыбайлас жемқорлық әрекеттері мен схемаларын бұзады,- деп толықтырды депутат.

Бақытжан Базарбек осы істің артында тұрғандардың есімін оңай болжай алатынын айтты.

Маған күйе жағушылардың басты мақсаты – менің депутат бола тұра казинода жүргенім туралы ақпаратты таратып, халық алдында беделімді түсіру.  Сол арқылы жердегі сыбайлас жемқорлықпен күресудегі күш-жігерімді азайтқысы келеді. Маған ақпараттық қысым көрсету арқылы бұл ұсыныстарды заң жобасы ретінде жүзеге асыруға кедергі жасамақшы. Бұл таза арандатушылық, жасырын түрде депутаттық қызметіме кедергі, – деп қосты депутат.

Депутат өзінің құмар ойындарына тыйым салу туралы мәселе көтерілсе, жабылуын қолдап бірінші дауыс беретінін алға тартты. 

Казино ішін, ойын автоматтары мен ойын залдарына ақшасын жұмсайтын ойынқұмар азаматтарды көрдім. Ал мені айыптағандарға келетін болсақ, өзіме қарсы жасалған бұл ақпаратты арандатушылық деп есептеймін. Мен мұндай қулықтарға сынбаймын. Мүмкіндіктеріміз зор, ерік-жігеріміз жетеді. Бұл тек бастамасы ғана, – деп түйіндеді сөзін.

Айта кетейік, депутат Бақытжан Базарбек Мәжіліс қабырғасында жер телімдеріне қатысты даулы мәселелерді көтеріп, белсенді түрде депутаттық сауал жолдап жүр. Ол жолдаған депутаттық сауалдарды назарларыңызға ұсынамыз:

Алматының әкімдері мен Назарбаевтың адамдарының кесірінен 70% алма бағынан айырылдық – депутат

Болат Назарбаевтың ықпалы бар: Алматы облысында бүтін бір ауыл бір отбасының меншігіне айналған

Алматының таулары кімнің меншігіне өтіп кеткен?

Әкімдіктер 24 млрд теңгені жоқ қылған: депутат Бас прокуратураға шағымданды

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: