Құлжа қаласындағы музейде 800-ден астам аккордеон бар

24 Қыркүйек, 16:46 556

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Құлжа қаласы түрлі мәдениеттердің тоғысқан орны тәріздес. Мұнда жергілікті қытайдың, қазақтың, ұйғыр мен қырғыздың, тіпті орыстың дәстүрлерін паш ететін орындар көп. Тиісінше өзге елдің салты мен мәдениетінен мағлұмат алғысы келетін кез келген турист осы мекенге ат басын бұрары анық, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі тілшісі.

Қалада жан-жақтан келушілердің ең сүйікті орындарының біріне айналған жер бар. Ол – алты бұрышты көше. Яғни бастауын орталық саябақтан алатын алты көше туралы тұрғындар былай дейді: «Алты көше фабрикаға, алты көше базарға жетелейді». Ал шаһардың солтүстік-батысындағы ауданның өзі алты бұрышты жұлдыз секілді жасалған соң, оны Алты жұлдыз көшесі деп атайды. Қазіргі таңда мұнда бес тарихи ғимарат пен бір бір муниципалды мәдени жәдігерлерді қорғау бөлімі бар. Одан бөлек көшенің бойы шынымен түрлі музейге, көрмеге толы. Осыдан бірнеше жыл бұрын солардың қатарын аккордеондар музейі толықтырды. Дәл осы жерде «Баян өнері» ұлттық материалдық емес мәдени мұра жобасы жүзеге асырылуда. Оның негізін орыс ұлтының өкілі Александр Зазулин қалаған. Зазулиннің өзі де Іленің тумасы.

Мамандардың айтуынша, оның коллекциясында 800-ден 1000-ға дейін аккордеон бар. Олардың басым бөлігін шебер музейге тапсырған. Дегенмен музыкалық аспаптарды жинауды әлі де жалғастырып жүрген көрінеді.

Жергілікті тұрғындар Александрдың музыкаға әуестігі ерте – 10 жасында басталғанын айтады. Шебердің әкесі көршілері мен келген қонақтардың көңіл күйін көтеру үшін осы аспапта жиі ойнайды екен. Тиісінше кейіпкеріміздің әуенге деген қызығушылығын да оятқан – әкесі, өзінің жолын қусын деген мақсатпен ұлына аккордеон да сыйлаған. Міне, содан бері Зазулин бұл аспаппен бір елі ажырамаған екен.

Мұражайдағы аккордеондардың ең ескісінің 300 жылдық тарихы бар. Арасында Қытай, Ресей, Германия мен Чехиядан әкелінгендері де аз емес. Сондықтан да Александр мұндағы әрбір аспаптың ұқыпты сақталуына ерекше мән береді. Музейге тапсырмас бұрын әрбір аспапты жете зерттеп, қажетін жөндеуден өткізеді.

Осы уақыт аралығында Александрға төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келіп ерекше аккордиондарын сату үшін талай рет қомақты қаражат ұсынылған. Бірде шеберден аспапты тіпті 2,8 миллион долларға сатуын сұраған, бірақ ол бас тартқан. Зазулиннің ерекше хоббиі әрі аккордеондарға деген махаббаты жайлы естіген шаһар билігі 2019 жылы Цзянсу провинциясының басшылығымен бірігіп қазіргі музейдің құрылысына 4 миллион юань жұмсаған.

Зазулиннің аспаптарды жинап бастауының өзі қызық оқиға. Ол жасөспірім кезінде өзіне сыйға берілген баянын жоғалтып алады. Соны табу үшін есейгенде көзі түскен аккордеонды сатып алуды әдетке айналдырыпты. Бастапқыда Қытай аумағында, кейіннен әлемнің түкпір-түкпірінен музыкалық аспаптар сатып алатын болған. Өзінің алғашқы табысын да баян сатып алуға жұмсаған екен.

Музыкант аспаптарды жинап қана қоймай, жөндеу жұмыстарын да өзі жүргізеді. Бұл істі ол 15 жасынан бастап қолға алған. Ал 90-жылдары Құлжада аккордеондарды жөндейтін шеберхана ашқан. Біртін-біртін оның аты Шыңжаңнан асып, оның көмегіне жүгінетіндер Қытайдың өзге өңірлерінен, тіпті шетелден келетін болған. Осылайша, оның коллекциясы да кеңейіп отырған. Соның арқасында мұнда аяқ киім тәріздес жасалған гармоньді, әлемдегі ең кішкентай гармоньді де көруге болады.

Зазулин жинаған аспаптарын қаланың мақтанышына айналған музейге өткізіп қана қоймай, мұнда ол жерлестерімен білгенімен бөлісіп жүр, соның арқасында кішкентай балалар да, ересектер де көпұлтты шаһардың мәдени өмірін келушілерге паш етіп келеді. Ансамбль де түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Сондықтан біз барғанда музыканттар қазақша әндерді де ырғағына келтіріп орындап берді. Шалғайда жүрген біз дәстүрлі әндерімізді тыңдап, мәз болдық.

Мұражай үнемі ашық және жылдың кез келген уақытында туристерді қабылдауға дайын. Келушілер арасында балалар мен жасөспірімдер көп. Соңғы жылдары шетелдік туристер саны артқан, себебі мұнда Құжаның мәдени өмірімен танысып қана қоймай, сонымен қатар осында отырып музыканттардың өнеріне куә бола аласың.

Шебердің өзі домбыра, балалайка секілді өзге де ұлттық аспаптарға да әуес. Өзі орыс, қытай, қазақ және ұйғыр тілдерін жақсы меңгерген.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: