Құлыбаев пен оның қарамағындағыларды спорттан қуу керек – депутат

1 Ақпан, 13:19 2168

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Мәжіліс депутаттары алдында жаңа заң жобасын таныстырып, оның негізінен әлеуетті әрі медаль әкелетін спорт түрлеріне бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Серік Жарасбаев елімізде спорттың түрі көбейіп, тиісінше қаржы тапшылығы туындап, нәтиже көрсеткіші төмендей бастағанын алға тартты.

Олимпиадалық емес спорт түрлерінде 53-тен 110-ға дейін спорт түрі дамып келеді. Бұл спорт резервінің және олимпиадалық нәтижелердің төмендеуіне алып келеді. Одан қалды кейбір спорт түрлері бірнеше бағытпен дамуда. Мысалы, каратэнің 11 түрі бар. Ал Азия ойындарының бағдарламасына соның бір ғана түрі енген. Дәл осындай жағдай таеквондода да бар. Бұдан бөлек жекпе-жек түрлері де солай, - деді Жарасбаев.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде 180 спорт түрі болса, бұдан былай жылына соның 30-40 түрі қысқарып отырады. Тиісінше 2026 жылға дейін 180-нің жартысы қалса, 2027 жылы 60-70 спорт түрі болады.

Депутат Қазыбек Иса да спорттың қаржыландырылатын түрі тым көп деп санап, бірқатар елдің тәжірибесін мысал ретінде келтірді.

83 млн халқы Германияда 18 спорт түрі, 70 млн халқы бар Ұлыбританияда 19 спорт түрі бар. Оларды Еуропа десек, көрші Өзбекстанда 17 спорт түрі бар. Біздегі спорт түрлерінен 10 есе аз. Бұл қандай батпан құйрық? – деді Иса.

Ал депутат Еділ Жаңбыршин тек олимпиадалық спорт түрлеріне қаржы бөлу дұрыс емес деп санайды. Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, мұның бәрі бұқаралық спорт түрлерінің дамуына кедергі.

Критерийлер қойып, жақсы жұмыс істеп жатқан спорт түрлерін дамытуымыз керек, өлтірмеуіміз керек. Әрең күн көріп жүрген федерациялардың бәрін жоқ қылсаңыздар, онда бұқаралық спорт түрлерін қалай дамытамыз? Бәрі бірдей шаңғы теуіп, бәрі бірдей тұғырдан секіре алмайды. Боксы дамыған Маңғыстаудың өзінде спорт кешендері жетіспейді. Футбол ойнайтындай өңірлерде дені дұрыс стадион жоқ. Алдымен инфрақұрылымды дамытыңыздар, сонан соң қаржыландырыңыздар. Құлыбаевтың адамдары федерацияларды бөліп алып, ақшаны жеп отыр. Неге соларды құртпайсыздар, әлде солармен біргесіздер ме? – деп килікті Жаңбыршин.

Жалпы, Қазақстан 2018-2020 жылдары спорттың барлық түрінің дамуына 646 млрд теңге бөлінсе, соның 72 пайызына жуығы еліміз үшін басымдығы мен маңызы ескерілмей бөлінген көрінеді. Жеңіп алған медальдардың саны 2018 жылдан бастап 370-тен 2020 жылы 105 медальға дейін қысқарғаны дәлел болса керек.

Сонымен қатар футболға бөлінетін қаржы көлеміне де қатысты мәселе көтерілді. Министрдің орынбасары қаржының басым бөлігі балалар спортына бағытталып жатқанын тілге тиек етті. Ол Қазақстан премьер-лигасының Olimpbet деп букмекерлік кеңсенің атауын алуының өзі дұрыс еместігін және алдағы уақытта бұл мәселе де жеке қаралатынын айтып сендірді.

Депутат Ерлан Саировтың ойы да Жаңбыршинмен бір жерден шықты. Ол спорттан қалталылардың бәрін құрту керек деп санайды.

Министрлікке Қазақстанның спорттық процесіне олигархтарды қатыстырмай, түгел алып тастауды ұсынамын. Қазір Тимур Құлыбаев пен оның қарамағындағылар отандық спортқа кедергі келтіріп жатыр. Бұл мәселені қалай шешеміз? Құзыретті министрліктің олигархтарды спорттан қууға құқығы бар ма? Соңғы төрт жылда көрші Өзбекстанға жете алмай келеміз. Әйтпесе Қазақстан спортқа 1 млрд доллар бөледі. Көршіміз мұндай қаржыны бөлген емес. Сонда миллиардтың бәрі ұрланып жатыр деген сөз ғой, – деп ой қосты Саиров.

Вице-министр жаңа заң жобасы осы олқылықтардың орнын толтырып, нәтиженің де жақсаруға көмектесетінін алға тартып отыр. Қалай болған да отандық спортқа, өмірін осы салаға арнаған спортшылар мен мамандарға пайдалы заң болса екен дейміз. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: