Құлсарыда үйді бағалау қорытындысымен келіскен отбасылар өтемақыға өтініш берді

16 Мамыр, 21:01 847

Атырау облысының Құлсары қаласындағы залалды бағалау және өтеу жөніндегі Комиссиясы залалды бағалау нәтижесімен келіскен тұрғындардың алғашқы легінен өтініштер қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабының мәліметінше, Құлсары Мәдениет үйінде бұған дейінгі жүргізілген бағалауларға сәйкес, өтемақы төлемдерін рәсімдеу үшін азаматтарды қабылдау басталды. Алғашқы алты отбасы залалдың орнын толтыру мақсатында төленетін өтемақыны алу туралы шешім қабылдады. Өтемақы тұрғындарға 14 күн ішінде төленетін болады.

Қаланың көптеген тұрғындары мамандардың залалды бағалау нәтижелерін оң қабылдап отыр. Сондықтан олар қысқа мерзім ішінде өтініш беруге ниетті.

Мен бұған дейінгі сұхбаттарымда да айттым. Мен әр шаршы метрге 400 мың теңге деген ауадағы ақшаны сұрамаймын. Маған қанағаттанатын сома берсе болды. Үйімнің әр 1 шаршы метрі 240 мың теңгеден бағаланса ризамын. Егер менің үйім 25 млн теңгеге бағаланған болса, маған әр шаршы метрге 240 мың теңгеден төленгені тіптен тиімді. Менің отбасым үшін тұрғын үй мәселесі өте өткір тұр, - деді Құлсары қаласының тұрғыны Жайлаш Мұқанова.

Келтірілген материалдық залал үшін өтемақы төлеу үшін құжаттарды дайындау 10 күнге созылады. Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру және бағалау жүргізу жалғасуда. Қазіргі уақытта барлығы 2940 өтініш қабылданып, 2727 өтініш қарауға жіберілді, 2624 үйге бағалау жүргізілді, 2671 үйге техникалық тексеру жүргізілді. 756 апатты үй деп танылды.

Зарина Арман
Бөлісу: