Құлсарыда азық-түлікке таласқан әйелдердің соты өтті

5 Маусым, 12:33 897

Жылыой аудандық соты оқиғаның мамыр айында Құлсарыдағы «Нақыш» ғимаратында болғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген азық-түлікке таласқан екі әйел Т. мен Д. өзара келісе алмай қалған. Сол кезде Д. жәбірленуші Т.-ны итеріп құлатқан. Соның нәтижесінде жәбірленуші жеңіл дене жарақатын алған. Бұл іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабының 1-бөлігімен (Денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) қаралды, - деп хабарлады аудандық сот. 

Құқық бұзушы Д.-ның кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындысымен, бейне-дыбыс жазбасымен, арызбен, түсініктемелермен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және басқа да іс құжаттарымен толықтай дәлелденіп отыр. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші Т.-ның денсаулығына жеңіл дәрежелі зиян келгені анықталған.

Д.-ның кінәсін жеңілдететін мән-жай ретінде оның бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылмағаны, 14 жасар баласының бары ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот Д.-ның жеке басын, құқық бұзушылықтың сипатын, жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 829-11-бабының 2-бөлігімен 38 мың 766 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды, - деп мәлім етті аудандық соттан.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: