Құлсары қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді

12 Сәуір, 00:23 611

Атырау облысының Құлсары қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік материалдық резервтен 264 тонна азық-түлік броньнан шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында су тасқынын жоюға жұмылдырылған әскери қызметшілер үшін қосымша 92 тонна азық-түлік өнімдерін броньнан шығарылмақ. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте мәлімдеді.

Сонымен қатар 8 облыстағы су тасқынын жою үшін мемлекеттік материалдық резервтен арнайы және инженерлік техникалар, төсек-орын жабдықтары, далалық ас үйлер, наубайханалар, шатырлар броньнан шығарылды, - деді спикер.

Осы сағатта азаматтық қорғау қызметтерімен 99 мыңнан астам адам, оның ішінде 36 365 бала құтқарылды және эвакуацияланды. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 6 516 адам, оның ішінде 3 117 бала орналастырылған.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында 3 513 жеке тұрғын үй, 489 аула аумағы су астында қалуда. 2 983 тұрғын үй мен 1 868 аула аумағынан су бұрылды.

ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 8,9 млн жуық текше метр еріген қар суы сорылды, 1,6 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 38 595 адам және 3 775 бірлік техника, 738 су сору және 199 суда жүзу техникасы мен 17 әуе кемесі жұмылдырылды.

Зардап шеккен өңірлерге 1 мың тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

Перизат Саденова
Бөлісу: