Қуантыров елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты болжамын айтты

23 Қараша 2023, 11:22 1039

Ұлттық экономика министрі болжамға мұнайдың бағасы барреліне 80 АҚШ доллары болғандағы базалық сценарий негіз болғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Болжам бойынша 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,3 пайызды құрайды. Кейін 2026-2028 жылдары 6 пайызға дейін өседі. 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 5,8 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі.
Экономиканың барлық базалық саласында оң динамика күтілуде. Шикізаттық емес сектор болжамды өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналады.
Өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жылдары 4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9 пайыз деңгейінде өседі және тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан озып кетеді, - деді ведомство басшысы.

Оның сөзінше, Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында өндірісті кеңейту есебінен мұнай өндіру 100 млн тоннадан асады.

Ауыл шаруашылығының орташа жылдық өсімі 4,5 пайызды құрайды. Инвестицияларды игеру жағдайында құрылыс саласының жоғары өсу қарқыны күтілуде. Нақты сектордағы өндірістің өсуі қызмет көрсету секторының орта есеппен 6,3 пайызға өсуіне ықпал етеді. Ішкі тұтынушылық белсенділік сауда қызметтерінің орта есеппен 7,4 пайызға өсуіне ықпал ететін болады.
Көлік саласындағы болжамды өсім орта есеппен 6 пайызды, «ақпарат және байланыс» саласында 7,8 пайызды құрайды. Салаларда экономикалық белсенділікті арттыруға инвестициялық жобаларды іске асыру, нақты сектор мен шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау жөніндегі шаралар ықпал ететін болады. Экспорт көлемі 2024 жылы 83,1 млрд доллардан 2028 жылы 94,8 млрд долларға дейін ұлғаяды, импорт 60,7-ден 65,6 млрд долларына дейін өседі, - деді Қуантыров.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: