Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың мәйітінен құтылуды көздеген

2 Мамыр, 12:17 2980

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова сот жарыссөзінде Қуандық Бишімбаевтың мәйіттен құтылмақ болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Прокурордың айтуынша, қылмыс жасаған Қуандық Бишімбаев пен оның туысқан інісі Бақытжан Байжанов мәйіттен құтылу жоспарын жасаған.

Олар айғақтарды жойып, Салтанаттың аман-сау алдымен фитнеске, содан кейін үйіне кеткенін көрсеткен. Ал сол кезде Салтанат қайтыс болып кеткен. Салтанаттың телефонынан оның сол уақытта тірі екенін және Бишімбаевтың оған қатысы жоқ екенін көруге болады. Бишімбаев неліктен сағат 3-тен кейін мүсәтір спиртін әкелуді сұраған? Сараптама нәтижесі Салтанаттың сол уақытта қайтыс болғанын көрсетті. Ал мүсәтірді басқа мақсатта пайдаланған. VIP-залда Нүкенованың саусақ іздері жоқ. Бірақ Бишімбаевтың өзі бірге отырып ішімдік ішкендерін айтты. Бишімбаев мүсәтір қолданып, Салтанаттың саусақ іздері мен денесіндегі қанды сүртіп тастаған, - дейді Айжан Аймағанова.

Оқиға орнынан Салтанат Нүкенова киген ақ көйлек пен мүсәтір спирті табылмағаны белгілі. Прокурор аталмыш айғақтарды жасыруға тырысқанын атап өтті.

Бақытжан Байжанов жедел жәрдемге кешкі сағат 19:54-те хабарласқан. Демек, Салтанат қайтыс болғаннан кейін 5-6 сағат өткен еді. Олар қылмыс іздерін қалай жасыруға болатынын жіті ойластырған, - деді прокурор.

Прокурор жедел жәрдем дәрігерінің сөзін еске алды.

Жедел жәрдем дәрігері Салтанаттың бетін қайтыс болған адамның бетіп жапқан секілді жауып қойғанын көргенін айтты, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Сондай-ақ прокурор Салтанат Нүкенованың соққыдан кейін басында пайда болған гематома ісігінің мөлшерін мысал ретінде көрсетті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: