ҚТЖ жыл соңына дейін 1 млн тоннадан астам астық тасымалдайды

21 Қыркүйек 2023, 12:32 672

Елімізде жүк айналымы өткен жылмен салыстырғанда 7,7 пайыз, яғни 179,1 млрд тонна-километр неттоға дейін өсті. Бұл туралы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС және «Қазтеміртранс» АҚ басшыларының қатысуымен ұйымдастырылған биылғы 8 ай ішіндегі әлеуметтік маңызы бар жүктерді тасымалдау қорытындысы бойынша өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының маркетинг және жоспарлау жөніндегі орынбасары Нұржан Келбұғанов биыл 8 ай ішінде теміржол көлігімен 69 млн тоннадан астам тас көмір тасымалданды деп отыр. Оның ішінде республикаға 48 млн тоннасы, ал экспортқа 20,8 млн тоннасы жөнелтілген.

Биыл барлығы 106 млн тоннадан астам көмірді теміржол көлігімен тасымалдау жоспарлануда. Оның ішіндегі 76 млн тоннасы қазақстандық тұтынушыларға арналған, - деді орынбасар.

2023 жылдың қаңтар-тамыз айында 7,7 млн тоннадан астам астық тиелді. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 45 пайызға артық болды.

Жыл соңына дейін ай сайын 1 млн тоннадан астам астық теміржол көлігімен тасымалданады. Жалпы, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 12 млн тонна, оның ішінде экспортқа 10 млн тонна астық жөнелтіледі. Ұнтақ өнімдерін тиеудің болжамды көлемі 3 млн тоннаны, оның ішінде экспортқа 2,2 млн тоннаны құрайды, - деді Нұржан Келбұғанов.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: