«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов «Қазақстан темір жолы» ҰК қызметіне қатысты Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісмен 5 жыл бұрын басталған «Атырау-Астрахань» тасжолының құрылысы туралы айтты.
Ұзындығы 277 шақырым «Атырау-Астрахань» тасжолының құрылысы 2019 жылы басталып, жоспар бойынша 2021 жылы бітуі тиіс болатын. Алайда бес жыл бұрын басталып, екі жыл бұрын бітуі тиіс жолдың құрылысы өте жәй жұруде. Жұмыстың жүрмеуінің басты себебі құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілмеуі және тасымалдаушылар тарапынан вагондардың жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілмеуінде. Бұл жалпы еліміз бойынша экономикамыздың өсуіне, соның ішінде құырылыс саласының дамуына үлкен кедергі болып отыр, - деді депутат.
Бүгінгі таңда ҚТЖ Ұлттық компаниясының жалпы қарызы 2,2 трлн теңгені құрап отыр.
Депутаттың айтуынша, осыған байланысты сұрақ туындайды – егер бүгінде ұлттық компания өз зиянына кәсіпкерлерге жасанды түрде әкімшілік кедергілер жасап жатса, ҚТЖ қарызын қалай өтемек? Сонымен бірге, кірістің ең табысты бөлігі – жүк тасымалы қызметін ұлттық компания неліктен бәсекелестік ортаға береді?
Өз кезегінде кәсіпкер өнімін басқа өңірге тасымалдау үшін ҚТЖ-ға жүгінсе, тасымалдаушы оны вагондардың жоқтығымен түсіндіре отырып, оны жеке тасымалдаушыларға жібереді, - дейді ол.
Осы жерде жеке қалталарына есепсіз пайда әкеліп отырған жүк тасымал вагондардың иелері мен түпкі бенефициарлары неге мемлекетке тиесілі ұлттық компания емес, жеке адамдар деген сұрақ туындайды.
Бұл жерде, ҚТЖ-ға тиесілі кірістің ең табысты бөлігі – жүк тасымалы қызметінің жеке қолға өтуіне ұлттық компанияға ықпалы бар адамдардың, басшылардың өздері немесе бұрынғы басшылардың қатысы бар деген пікір бар. Себебі, Ұлттық компанияда жеке мүдделерге лобби жасалып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Бұл әрекеттердің барлығы ұлттық компанияның кірісіне ғана әсер етіп қоймай, жобаларды, оның ішінде ұлттық жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғанын айтқым келеді. Вагондар төңірегінде қалыптасқан жағдай тауар бағасына әсер етіп, инфляция мен елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына зиянын тигізуде, - дейді мәжілісмен.
Негізінде, экономикамыздың күре тамыры саналуы тиіс «Қазақстан теміржолына» қарата айтылатын сын өте көп. Себебі, қоғам ішінде компания қызметі көлеңкелі схемаларға толы, ашықтық, есептілік жоқ деген пікір бар. Қазақстан теміржол паркіндегі вагондардың әбден тозғандығы, жалпы, саладағы қызметтің сапасыздығы, ҚТЖ-ны жайлаған жемқорлықтың тым тереңдеп кеткені айтыла-айтыла әбден жауыр болды.
Биылғы жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл компанияның транзиттік әлеуетін арттыру және аталмыш компанияны трансформациялау жөнінде баса айтты. Президент өзі пәрмен беріп отырғаннан кейін «компания жұмысын жаңаша үйлестіріп, халыққа сапалы қызмет көрсете бастар», деп үміттенгенбіз, алайда ҚТЖ-ның жұмысы әлі сол күйінде қалып отыр, - дейді депутат.
Депутат Бас прокуроры Берік Асыловтан ҚТЖ-ның қазіргі және бұрынғы басшылығының вагондарды жалға беретін жеке логистикалық компанияларға қатыстылығына тексеру жүргізуді талап етті. Сондай-ақ ұлттық компанияда барлық жылдар бойынша толық қаржылық талдау жасау және алынған қарыздардың мақсатты жұмсалуы бойынша жұйелі тексеру жүргізуді және жүк тасымалы қызметін бәсекелес ортадан ұлттық компанияға қайтаруды шешу керек екенін айтты.