ҚР ИИДМ басшысы ЕАЭО-ның өнеркәсіп саясат жөніндегі кеңесінің отырысына қатысты

10 Шілде 2023, 21:34 639

«ИННОПРОМ-2023» халықаралық өнеркәсіп көрмесі аясында ЕАЭО өнеркәсіп саясат жөніндегі кеңесінің отырысы, сондай-ақ «Ресей-Қазақстан өнеркәсіп кооперациясы» панельді сессиясы өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған іс-шараларға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев қатысты. Ведомство басшысы ЕАЭО-ның өнеркәсіп саясат жөніндегі кеңесінің маңыздылығына тоқталды.

Өнеркәсіп саясат жөніндегі кеңес барлығымызға өзара ақпарат алысып, іс-әрекеттерімізді үйлестіруге және бірлескен шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіпті дамыту бойынша ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін маңызды қадамдардың бірі. Бұл одаққа мүше мемлекеттердің қарым-қатынасына, оның ішінде тәжірибемен бөлісіп, озық технологиялардың трансфертіне жағымды әсер етеді, - деді Марат Кәрімжанұлы.

Отырыста Еуразиялық экономикалық одақтың аясында өнеркәсіп кооперациясына қаржылық жәрдемдесудің жаңа тетігін іске асыру мәселелері, ЕАЭО-ның болашақ өнеркәсіп саясатының жобалары және ұйым шеңберіндегі технологиялық ынтымақтастықтың перспективалары мен оны қолдау шаралары қаралды.

Бұл ретте Екатеринбургте «ИННОПРОМ-2023» XIII халықаралық өнеркәсіп көрмесі өтіп жатқанын естеріңізге сала кетейік. Көрмеге әлемнің 50 елінен келген делегаттар қатысып жатыр. Еліміздің делегациясын ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бастап барғанын айта кету керек. Оның құрамында ҚР ИИДМ басшысы Марат Қарабаев, өңірлік әкімдіктер мен ұлттық компаниялардың өкілдері бар.

Сондай-ақ осы сапар кезінде «Синара – Көлік машиналары» компаниясының құрылтайшысымен кездесу және РФ үкіметі төрағасымен бірге көрменің жұмысымен танысып, аралау жоспарланған.

Берік Арманов
Бөлісу: