Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген аналар

28 Тамыз 2023, 17:05 3072

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде ұлы тұлғалармен бірге сегіз анамыз жатыр. Оны «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайы сақталған құлыптастарға қарап ажыратқан. Кесененің тарихи маңызын танып, құпиясын ашуда  Мұрсал-Нәби Тұяқбаев қатарлы ғалымдардың сіңірген еңбегі зор. Архелогтардың зерттеуі бойынша кесенеде жерленген әйел адамдардың саны мұнымен шектелмейді. Олардың кімдер екенін сараптау алдағы күннің еншісінде. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі кесенеге жерленген ханым-ханша, бибі-бегімдердің кім екенін анықтап көрді.

Рәбия Сұлтан Бегім

Әмір Темірдің шөбересі, белгілі астроном Ұлықбектің қызы, Дешті Қыпшақтың ханы Әбілхайырдың әйелі болған. Шайбанилер әулетінен шығып Мауреннахрда билік жүргізген хандар Сүйініш Қожа мен Көшкіншінің анасы. Рәбия Сұлтан Бегім өз дәуірінде ел билігіне араласып, қағанаттың саясатын жүргізіп отыратын ықпалға ие болған. Әбілхайыр хан қайтыс болған соң, Түркістан шаһарында 16 жыл шамасында өмір сүріп, 1485 жылы дүниеден озады.

Рәбия Сұлтан Бегім мазарының қазіргі келбеті, 1866-1872 жылдары түсірілген әйгілі «Түркістан альбомы» жинағында сақталған сурет бойынша, қаланың 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында қалыпына келтірілген.

Рәбия Сұлтан Бегімнің құлпытасы бүгінгі күнге жетіп отыр. Құлпытастағы мәтінді ғалым Б.М.Бабажанов пен А.К.Муминов 1995 жылы аударады. Онда: «Бұл қасиетті қабір – аса ұлы қаған, Әмір Темір Нураганның ұрпағы, ұлы қаған Сұлтан Шахрух мырзаның баласы, аса ұлы Сұлтан Ұлықбек мырзаның қызы, текті туған, Алла күнәсін кешіп, шапағатын төккен Рәбия Сұлтан Бегімге қойылды. Махшар күнінде Алла олардың қабіріне шапағатын төксін, хижраның 890 жылы» (1485 жы) деп жазылған.

 

Аманбике ханым

Аманбике ханым – Қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек ханның қызы. «Әзірет Сұлтан» мұражайындағы 37 нөмерімен сақтаулы құлыптас Аманбике ханымға тиселі. Аманбике ханымның жерленген уақыты Қасым ханның Түркістанға иелік еткен тұсымен сәйкес келеді. Жәнібек ханның шежіресін тарқатқанда ұлдары туралы көп айтылғанмен қыздары жайлы дерек аз. Құлпытаста: «Бұл құлпытас Барақ ханның немересі, Жәнібек ханның қызы мейірімді, қасиетті Аманбике ханымға қойылған. Қасиетті раджаб айында хижра жыл санағы бойынша 925-ші жылы, 1518-дің шілдесінде дүние салған» деп жазылған.

 

Мәстура ханым

Мұражай қорындағы № 17 құлпытас Мәстура ханымға тиселі. Құлпытаста: «Бұл ұлы Әбілхайыр ханның шөбересі, Сүйіндік қожа ханның немересі, Келді Мұхаммед Сұлтанның қызы Мастура Ханымға құлпытас. Қайтыс болған уақыты хижра жыл санауы бойынша тоғыз жүз жиырма бес (?-1519)» деп жазылған. Мәстура ханым арқар ұранды билеушілер әулетінің қызы. Әкесі Келді Мұхаммед Шайбанилер әулетінен шыққан билеушілердің бірі. Келді Мұхаммед қайтыс боларында өзін Түркістанға жерлеуді аманаттаған. Бірақ жерленген-жерленбегені белгісіз. Құлыптасы табылмаған. Мұражайда сақтаулы тұрған құлыптастардағы жазулар бойынша Келді Мұхамедтің екі ұлы мен қызы және өзі де кесенеде жерленген. Келді Мұхаммед жастай қайтыс болған ұлдары мен қызын әулие кесенесінің жанына өздерінің әжесі болып келетін Рәбия Сұлтан Бегімнің қасына жерлеген.

 

Қарона бибі

Кесенеден табылған 909 нөмірлі құлпытас Қарона бибіге тиселі. Онда: «Бұл құлпытас Амир Насрулахтың қызы дүниеден өткен қайырымды әрі рахымды Қарона бибіге қойылған» деп жазылған.

Насырұлла хан (1806—1860), толық есімі Әмір Насыр Улла Баһадур Хан –1826 жылынан бастап 1860 жылына дейін Бұхар хандығының әмірі. Маңғыт әулетінен шыққан. Әмірші Хайдар ханның баласы. Қазақстан тарихында Насырұлла хан Кенесары ханымен ерекше қатынастары туралы жиі айтылады.

 

Дана бибі мір Қалани

Дана бибінің басына қойылған құлпытаста: «Осы құлпытаста жұпар иісі аңқыған, нұрын шашқан, кешірімге ие болған, құпия, қасиет дарыған молда Мір Қаланың қызы Дана бибіге арналған. Ол хижра бойынша ережеп айында 1007 жылы (1597 ж) қайтыс болған» деген жазу бар. Мір Қаланның Дана бибіден басқа және бір баласы да кесенеде жерленген. Бақи Сұлтан Мір Қалани деген атпен қойылып, құлпытасы сақтаулы. Мір Қаланиды зерттеушілер Түркістанда тұрып Ахмет Яссауи кесенесінде діни уағыз орталығының бір саласын басқаруы мүмкін деген болжам жасаған.

 

Хадиша Сұлтан

Хадиша Сұлтан ананың құлпытасында: «Құдайдың қамқорлығында болған маулана Азиздің қызы Хадиша Сұлтан құлпытасы (…7)» деп жазылған. Құлпытасқа сульс жазу үлгісін пайдаланған. Осы сульс үлгісіне қарап зерттеушілер жазуды XVI ғасырға жатқызған. Хадиша Сұлтан жайлы басқа мәліметтер жоқтың қасы.

 

Ханымбике

Кесенеге жерленген аналар арасында бәсентиін Ханымбикенің құлпытасы сақталмаған. Жерленген тұлғалардың тізіміне ұрпақтарының айтуы бойынша енгізілген. Ханымбике – Арғын ішінде бәсентін Қазанғап Сатыбалдыұлының қызы.

 

Бопай ханым

Кесенеге жерленген аналардың соңғысы Бопай ханым болуы мүмкін. Бопай ханым Кенесары ханның қарындасы. Қасым төренің арыстай алты ұлының ішінде жалғыз өскен ол өжет, жаужүрек болып ержетеді. Ағасы Кенесарының қол астында болып, азаттық үшін күреседі. Хан жасағындағы ерекше топқа қолбасылық жасайды. Бопайдың қай жылы қайтыс болғаны туралы нақты дерек жоқ. Кейбір деректер Кекілік-Сеңгірде қайтыс болған дейді. Көптеген тарихи кітаптарда оны Ақтөбе обылысында жерленген дейді. «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының ғылыми кеңесінің 2012 жылғы екінші отырысында Бопай ханымды кесенеде жерленген деген шешім шығарылған.

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: