Қостанайда жолда толғағы қысқан әйелді полицейлер перзентханаға жедел жеткізді

20 Тамыз, 10:41 378

Қостанайда жолда толғағы қысқан әйелді полицейлер перзентханаға жедел жеткізді. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Патрульдік полиция ротасының инспекторлары Еркін Төлегенов пен Ержан Албатыров босанайын деп жатқан әйелді ауруханаға жылдам әрі кедергісіз жетуін қамтамасыз етті. Полицейлер қызметтік көліктің жарқыраған шамдарын қосып, толғағы қысқан әйел отырған көлікті перзентханаға дейін алып барды.

Серіктесім екеуміз экипаж құрамында қызмет атқардық. Қостанайға кіре берістегі А-22 автожолының шамамен 10 шақырымында бізге ВАЗ-2115 автокөлігінің жүргізушісі келіп, көлікте жұбайының толғағы қысып жатқанын хабарлады. Көп ойланбай, біз жарқырайтын шамдарды қосып, олардың кедергісіз жүруін қамтамасыз еттік, – деді Еркін Төлегенов.

Араға 6 минут салып ауруханаға аман-есен жеткізілген әйел дүниеге қыз алып келді. Полицейлерге бұл қуанышты жаңалықты әкесі хабарлады. 

Белгілі болғандай, ата-аналар Рудныйда тұрады. Дүниеге келген қыз – олардың отбасындағы 8-бала.

Фото: polisia.kz

Мадина Асылбекова
Бөлісу: