Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке кәсіпкердің әдейі банкроттық жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлайды, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.
Қостанай облысы бойынша Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімі бойынша 2021 жылғы қаңтарда «Д» есімді жеке кәсіпкер 185 миллион теңгеден астам берешегіне байланысты банкрот деп танылды.
Жүргізілген талдау бойынша, қасақана банкроттық белгілерін және борышкердің төлем қабілетсіздігіне (дәрменсіздігіне) әкеп соққан әрекеттерді анықтау тәртібіне сәйкес, Мемлекеттік кірістер департаменті «Д» есімді жеке кәсіпкерге қатысты қасақана банкроттықтың белгілерін анықтап, қорытынды жасады.
Кәсіпкер тұрғын үйі мен 2 жер учаскесін, сондай-ақ 2 автокөлік құралын жұбайына сыйға тарту шарттары негізінде иелігінен шығарып, осылайша салық берешегі есебіне өз мүлкіне билік етуге шектеуден жасыруға тырысып, заңсыз әрекеттер жасады, - делінген мәліметте.
Осы факт бойынша жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен аталған жеке кәсіпкер ҚР ҚК 238-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 5 (бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі, коммерциялық кәсіпорындар және ұйымдарда 3 (үш) жыл мерзімге ұйымдастырушылық-басқарушылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып кінәлі деп танылды.