Қостанайда зейнеткерлердің атына несие ресімдеген пошта тасушы ұсталды

Бүгiн, 16:42 145

Қостанай ауданында полицейлер қарт адамдарды алдап, несиелер рәсімдеген пошта тасушының алаяқтық әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олардың сенімін пайдалана отырып, қаскүнем оңай жолмен пайда тапқысы келген.

Күдікті зейнеткерлерден хатты алғанын растау үшін, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын алу тәртібін жеңілдету деген желеумен суретке түсу керек деп, өзінің алаяқтық схемасын іске асырып отырған. Содан кейін мобильді қосымшалардың көмегімен алаяқ жәбірленуішілердің атынан несиелер рәсімдеген. Оның қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде Қостанай ауданының бес зейнеткері алаяқтықтың құрбаны болды. Мәселен, екі зардап шегушінің әрқайсысына 1 млн теңгеден кредит, ал қалғандарының атынан шағын несие рәсімдеген. Жалпы материалдық шығын 2,3 млн теңгеден асты.

Алаяқтықтың бірнеше эпизодтары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, істі сотқа жіберді. Мұндай қылмыс үшін заңда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Осыған байланысты полиция азаматтарды қарт адамдарға алаяқтық схемалармен байланысты қауіптер туралы белсенді түрде хабарлауға және оларды алдаудан қорғаудың жолдары туралы айтуға шақырады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: