Қостанайда заңсыз криптовалюта айырбастау пункттері анықталды

25 Қаңтар 2023, 19:41 1721

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті

Қостанай облысында заңсыз жұмыс істеген криптовалюта айырбастау пункттері анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті KZobmen.com, 1wm.kz, kazobmen.ru, wm007.kz, kz-exchange.com крипто айырбастау пункттері арқылы аса ірі мөлшерде табыс табумен ұштасқан азаматтардың қылмыстық әрекетінің жолын кесті.

Жедел іздестіру барысында 6 мекенжай бойынша санкцияланған тінту жүргізілді. Нәтижесінде криптовалюта айырбастау пункттерінің ұйымдастырушыларын әшкерелейтін заттар: ноутбуктер, моноблоктар, ұялы телефондар, банктік және бухгалтерлік құжаттар, қылмыстық қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын криптоәмиян кілттері (флэш-карталар) тәркіленді.

Binance платформасында 2 крипто әмиянда 6 мың доллар криптоактив анықталды. Оларға уақытша шектеу қойылды.

Басқа криптобиржаларда орналасқан тағы 200 мың доллардан асатын криптоактив анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі қызмет түріне тиісті лицензия болған жағдайда Астанадағы АХҚО аумағында ғана криптовалюта айырбастау пункттерінің жұмысына рұқсат берілгенін ескертеді.

EL.KZ
Бөлісу: