Қостанайда заңнан жасырынған екі шетелдік елден шығарылды

Бүгiн, 05:19 440

Қостанай облысында «Мигрант» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көші-қон қызметінің қызметкерлері сот шешімін елемей, аймақта жасырынған екі шетелдік азаматты анықтады. Шетелдіктер елден шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәселен, 2024 жылғы желтоқсанда азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен таяу шетелден екі азамат елден шығарылды. Алайда олар сот шешімін елемей, ел аумағынан кетпей, құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген.

Облыстық ПД мәліметінше, олардың бірі  бірнеше рет ішімдік ішкені және қоғамдық орындарда қайыр сұрағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Екінші азамат есірткіні заңсыз сақтағаны және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін қылмыстық жазаланған.

Заң бұзушылар Қазақстанның мемлекеттік шекарасына дейін жеткізілді және олар елден кетті. Заңнамаға сәйкес, оларға алдағы бес жылға дейін Қазақстанға кіру тыйым салынды.

Айта кетейік, өткен жылы көші-қон қызметі көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 166 шетелдік азаматты елден шығарып жібергенін, оның 30-дан астамы мәжбүрлеп жер аударылғанын атап өткен жөн.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: