Қостанай қаласындағы Жастар сарайында патриоттар форумы өтті. Ғылыми және медициналық қызметкерлер, бағдарламашылар, спортшылар, кәсіпкерлер мен еріктілер арасында 99260 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де болды.
Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев қазақстандықтардың кез келген қиындықты жеңуге көмектесетін бірлігінің маңыздылығын атап өтті.
Сындарлы сәтте мыңдаған қостанайлық тасқын суға қарсы тұра білді. Бұл қиын күндер біздің бәрімізге баға жетпес сабақ болды. Кез келген қиыншылықты тек бірге еңсеруге болатындығы туралы түсінік пайда болды. Біз жерлестерімізді әрдайым мақтан тұтамыз, – деді ол.
Су тасқыны кезінде аумақтық қорғаныс бригадасының жауынгерлері бөгеттерді нығайтумен, жергілікті тұрғындарды эвакуациялаумен, зардап шеккен азаматтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізумен айналысты. Ал су деңгейі төмендегеннен кейін оның салдарын жоюға қатысты.
Қиын сәтте біз тасқын суға қарсы іс-шараларға еш кідірместен қосылдық. Әрине жұмыс оңай болған жоқ. Бірақ біз үйлерді аман алып қалу мен тасқын судан келетін шығынды азайту қаншалықты маңызды екенін түсіне білдік. Сондықтан тәулік бойы жұмыс істедік, – деп бөлісті 99260 әскери бөлімінің командирі подполковник Қуаныш Хабиев.
Форумда Қостанай облысының аумақтық қорғаныс бригадасы тасқынға қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін дипломмен және мүсіншемен марапатталды.